Білім мен тәрбиенің тал бесігін тербетіп, шәкірттер санасына ізгілік дәнін сеуіп, қоғамның алғысына бөленіп жүрген ұстаздардың орны қашан да бөлек. Осынау аяулы жандардың кәсіби мерекелері қарсаңында өңірімізде білім саласының дамуына айрықша үлес қосып жүрген 22 педагог арнайы марапатқа ие болды. Биылғы жылдың “Үздік педагогы” атағына лайық деп танылған ұстаздар анықталып, оларға қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Осы жолы үздіктерді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов онлайн режімде құттықтады.
Ұлтқа мақтаныш, ұжымға сыйлы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүрген ұстаздар қауымына жүрекжарды лебізін арнаған Асхат Аймағанбетов: “Еліміздің мұғалімдері пандемия жағдайында өздерін жақсы жағынан көрсетуде. Мен әріптестеріме осындай қиын уақытта өздеріне артылған жұмысты өте жоғары деңгейде орындап жатқаны үшін зор алғысымды айтқым келеді”, – деді.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов сөз алып, кез келген мамандық иесі ең алдымен қолына қалам ұстатқан ұстазға қарыздар екенін жеткізді. Үлкен құрметке, шексіз ризашылық пен алғысқа лайық жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметте табыс тілеген ол үздік деп танылған бірқатар педагогты марапаттады.
Биыл республикалық “Үздік педагог – 2020” байқауына облысымыздан 14 мұғалім ұсынылған. Ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, осы атақты жеңіп алғандардың қатарында Айыртау ауданындағы №1 Саумалкөл орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ерлан Бүкенов, Петропавл қалалық “БЭСТ” гимназиясының француз тілі пәнінің мұғалімі Гүлнәр Арықбаева, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның №2 Новоишим орта мектебінің физика және математика пәндерінің мұғалімі Айсұлу Баязитова, Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінің кәсіптік оқыту шебері Алексей Чернов бар. Жоғары білімі мен біліктілігінің, кәсіби шеберлігінің арқасында жеңімпаз атанған олар шәкірт тәрбиелеу ісімен біраз жылдан бері айналысып келеді. Мерекеге орай олардың кеудесіне “Үздік педагог – 2020” төсбелгісі тағылып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (2 миллион 778 мың теңге) ақшалай сыйлық табыс етілді.
– Жыл сайын өз саласының үздіктерін анықтайтын байқауға қатысу туралы ұсыныс маған өткен жылы түскен болатын. Бұл жеңісімді ұзақ жылдар бойғы адал еңбегімнің өтеуі деп білемін, – деген Ерлан Бүкенов барша әріптестерін осынау жарқын мерекемен құттықтап, шәкірт тәрбиелеуде сарқылмас күш-жігер, жұмыста табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында адал қызметімен көзге түскен жиырмаға жуық ұстазға түрлі төсбелгі, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың марапаты табысталды. “Үздік педагог” байқауының облыстық кезеңінде жоғары бағаға ие болып, жеңімпаз атанған Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімі Клара Балабекова 300 айлық көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақыны иеленсе, Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінің директоры Сырым Мұхамедия “Мағжан Жұмабаев” төсбелгісімен марапатталды. Оның жалпы педагогика саласындағы еңбек өтілі 10 жылды құраса, соңғы екі жылында мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Сондықтан ол бұл марапатты жеке өзінің ғана емес, білім ордасының, ұжымның бірлескен жетістігі ретінде қабылдайтынын айтты.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.