«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕКТІ ТЕРБЕГЕН КЕШ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен шетелдердегі қазақтарды атажұртқа оралту мәселесі қолға алынды. Бұл тағдырдың жазуымен шартарапқа шашылып кеткен қандастарымызға үміт сәулесіндей болғаны анық. Ата-анам Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан Қызылжар өңіріне қоныс аударған жылдары мен небәрі бір айлық шақалақ екенмін.

Ес біле бастағанда анам бізге “Бабаларыңның қаны тамған қасиетті қазақ жерінің әрбір пұшпағын қастерлеңдер” деп жиі айтатын. Оның бұлай деуінің сырын сұрағанымда “заманның қысылтаяң шағында өзіміздің атамекенімізге аяқ басу қол жетпейтін армандай көрінді. Оны уақыты келгенде түсінесіңдер”, – деп қысқа қайырушы еді. Жуырда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Қасиетті қазақ елі” деген атаумен өткен халықаралық фестивальда анамның айтқан әңгімесінің астарын түсінгендей болдым.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, “Отандастар қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Германия, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия сынды алыс-жақын шетелдерден елуден астам өнерпаз қатысты. Олардың қатарында өзімнің де болғанымды мақтаныш санаймын. Фестиваль аясында мүшәйра, терме және қолөнер шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды.

Игі шараның ашылуында сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков жиналған қауымды өнер фестивалінің мақсатымен таныстырып өтті. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан Қоғамдық даму министрлігіне ризашылығын білдіре келе, алыс-жақыннан ат арытып жеткен барша қонақтарға алғыс айтып, өнер бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тіледі.

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақын Қазыбек Иса бастаған қазылар алқасы әр елден келген өнерпаздар шығармашылығына баға беріп, жүйріктерді анықтады. Өнер додасына қатысушылар бар өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өңіріміздің намысын арқалап барған мен қасиетті Қызылжар өңірінен шыққан бірегей тұлға – Шал ақынның бірнеше термесін орындап бердім.

Фестивальдің жабылу рәсіміне “Отандастар қоры” акционерлік қоғамының президенті Нұртай Әбіқаев, Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев қатысып, жүйріктерге жүлде табыстады. Өнерімнің Алғыс хатпен, құнды сыйлықпен бағаланғанын айтып өткенім артық болмас. Фестиваль соңы өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласып, жан-жақтан жиналған ағайынның жүрегін тербеп, көңілін шалқытты.

Еркін АХМЕТҰЛЫ, жалпы білім беретін мектеп-интернаттың музыка пәнінің мұғалімі.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp