«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ

Әр еріктінің басты міндеті мұқтаж жандарға шын ниетімен көмектесу, өзгеге жақсылық іс­теуге қашанда дайын болу екені сөзсіз. Елімізде жүрегі мейірімге толы азаматтардың қозғалысы “Еріктілер жылында” айрықша дами түскені мәлім. Әсіресе, өскелең ұрпақтың осы іске білек сыбана кірісіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргенін жиі көреміз. Жастар арасында еріктілік қозғалысын насихаттау мақсатында қолға алынған республикалық “Ашық жүрек” байқауы қорытындыланды. Қоғамға пайдасын тигізу үшін тың жобаларды әзірлеп, үздік деп та­нылған 107 жеңімпаздың арасында солтүстікқазақстандық жастар да бар.

Байқаудың талаптарына сәй­кес қатысуға ниет танытқандар онлайн өтініш беруі тиіс болатын. Шағын гранттарды ұтып алуға мүмкіндік беретін конкурсқа жеке тұлғалар, бастамашыл топтар мен үкіметтік емес ұйымдар “Birgemiz”, “Saylyq”, “Umit”, “Bilim”, “Taza alem”, “Asyl mura”, “Sabaqtastyq”, “Qamqor” бағыттары бойынша жоба әзірлеу арқылы қатысты.

Жоба бүгінгі күні қоғамда орын алып отырған өзекті мәселелерді шешуге күш жұмылдырып, еріктілер қозғалысын дамыту арқылы осыған бағытталған әлеуметтік бастамаларға азаматтарды барынша жұмылдыруға үлес қосуды көздейді. Үміткерлерден 600-ден астам жұмыс қабылданып, “Қазақстанның волонтерлер лигасы”, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы”, тағы басқа республикалық ұйымдардың өкілдері бастаған конкурстық комиссияның шешімімен іріктелді. Олар өңірлердегі ахуалды, өзекті мәселелерді ескере отырып, осы тақырыптарды қамтыған бастамаларға басымдық берді. Қорытындысында үздік деп та­нылғандардың қатарында “Qamqor” бағыты бойынша “Шексіз спорт” жобасының авторы Әмір Мағау мен “Taza alem” бағытына сәйкес “StopМусор” жобасын ойлап тапқан Алдияр Ауғалиевтар бар. Ал “Sabaktastyq” бағытын таңдаған Махаббат Абуова “Бақытта отбасы” жобасын әзірлеген. Жеңімпаз жерлестеріміз жобаларын жүзеге асыру үшін 300 мың теңге көлемінде шағын грант ұтып алды.

Мейірімділік – адам табиғатына тән нәрсе. Оның үстіне, халқымыз ешқашан қайырымдылықтан кенде болмаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Міне, осындай ата-бабамыздың жолын жалғап, біреуге жасаған жақсылығы үшін ақы сұрамай, риясыз көмек көрсетуді мақсат тұтқан еріктілердің бүгінгі қоғамда алатын орны ерекше. Сондықтан жастардың осындай бастамалары қолдау тауып, оны жүзеге асыру үшін қаржы бөлінгені – қоғам үшін де, жастар үшін де, жалпы еріктілер қозғалысы үшін де жағымды жаңалық.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp