«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰЛДЫЗДЫ БАСПАЛДАҚ

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қызметкер, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошанов – өз жолын дұрыс таңдаған бақытты жанның бірі. Ол өз жүрек қалауын және ірі ғалым-зерттеушілік, белгілі ғылымды ұйымдастырушылық және қоғамдық қайраткерлік қабілетін қоғам мен мемлекеттің мүддесіне жұмсай білді.

Аманжол Қошанұлы 1959 жылдан бастап Қазақ КСР ғылым академиясының Экономика институтында еңбек етті. Жетпісінші жылдардың басында институтта әлеуметтік-экономикалық мәселелер бөлімі ашылып, оған жетекшілік ету жас ғалымға жүктелді. Ол онда республиканың экономикалық ғылымында тұңғыш рет индустриялық социологияның жаңа бағытына жол салды, бұл жұмыс бөлімнің одан кейінгі ізденістерінде даму алды. Сол 70-80-ші жылдардың бөлім үшін де және оның басшысы үшін де жемісті болғанын айта кеткен жөн. Аманжолдың төңірегінде белсенді шығармашылық жастар, Қазақстанның әлеуметтік прогресінің беткеұстарлары, нарықтық құрылымдарда және еліміздің басқарушы органдарында танымал дәрежеге жеткен болашақ ғылым кандидаттары мен докторлары топтасты.

Осы зерттеу кезеңдерінің түйінді ісі оның одақтық республика деңгейіне шыққаны болды. Республика мен өңірлердің өндіруші күштерінің дамуымен тығыз байланыста Аманжол Қошановтың күш салуымен жаңа ғылыми бағыт – одақтық республикалар мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейлерін теңестіру мәселесін шешу жолдары айқындалды. Экономика ғылымының жаңа бағыттарында оның ғылыми басшылығымен монографиялар сериялары шықты және өзі де жазды. Соның ішінде 1983 жылғы “Кемелденген социализм тұсындағы Қазақстанның индустриялық дамуы” монографиясы үшін ол қоғамдық ғылым саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды.

1960-1990 жылдары академик Аманжол Қошановтың барлық сан қырлы ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі Экономика институтымен байланысты болды, онда ол аспирантура бітірді, сосын аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы және бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Аманжол Қошанұлы 1985 жылдан бастап директордың ғылым жөніндегі орынбасары, ал 1988-1995 жылдары кезеңінде ғылым академиясының Экономика институтының директоры болды.

Аманжол Қошановтың жаңа ғасыр басындағы (2009-2010 жылдары) шоқтығы биік еңбегі – “Ұлттық экономикалық мүдделер мен меншік қатынасы” монографиясы. Ол республиканың ғылыми қауымдастығы мен шетелдік ғалымдардың қызығушылығын туғызып, қолдау тапты. Академиктің соңғы кезеңдегі жаңа идеялары мен ізденістері халықаралық және республикалық басылымдарда, “дөңгелек үстелдерде”, пленарлық сессияларда, ғылыми форумдарда табысты баяндалып та, жарияланып та жүр. Ғалымның “Индустриалды-инновациялық стратегия және экономикалық өрлеу” монографиясы (2012 жыл) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары бағасын алды.

Аманжол Қошанов халықаралық дәрежедегі ғалым және қоғам қайраткер ретінде Еуразиялық идеялар мен ТМД елдерінің бірігуі мәселелері, ғылымның Қазақстанның, ТМД елдерінің, Орталық Азияның индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудегі стратегиялық басымдылық рөлі, жалпыұлттық идея мен экономикалық тәуелсіз республиканың нығаю теориялары мен тәжірибелері және халық бірлігі мен қоғамды топтастыру мәселелері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді жұмыс жүргізеді. Академик – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “ХХІ ғасырдың табалдырығында”, “Тарих толқынында” еңбектері және ҚР Президентінің “Қазақстан – 2030” Стратегиясы бойынша кең резонанс алған халықаралық конференцияларды ұйымдастырушылардың бірі.

Ғалымның менің азамат және оқымысты ретінде қалыптасуым Ұлттық ғылым академиясының қабырғасында өтті деуі шындық. Онда ол ұлы ғалым Қ.Сәтбаевты, оның үзеңгілестері – академиктер С.Бәйішевті, Ш.Чокинді, М.Әуезовті, Ә.Марғұланды, Е.Букетовты, С.Зимановты және С. Толыбековты көзімен көріп, олардан тәлім мен тәжірибе алып өсті. Ғалымның сол кездері елдің рухани жаңғыруына, экономикасын көтеруге тікелей ықпал жасағаны рас.

Аманжол Қошанұлы өзін ғылымда ұстап қалған академик Сақтаған Бәйішев екенін айтады. Ол өзінің беделінің күшімен оған басқа жоғары оқу орындарына, идеологиялық салаға ауысуына тыйым салды десе болады, әрдайым өз пікірінде қалып: “Мен сенің басқа жерге ауысуыңа жол бермеймін”, – дейді екен. Сөйтіп, академик ағасы оның ғылымдағы тағдырын осылайша шешіп берді. Мыңдаған жылдар бұрын Шығыс халықтары жұлдызды аспанға жеткізер баспалдақ туралы әдемі аңыз тудырған. Астарлап айтқанда, академик Аманжол Қошановтың барлық еңбек, ғылыми және қоғамдық қызметі осындай тынымсыз өзін-өзі жетілдірудің, кәсіби және азаматтық өрлеудің жұлдызды баспалдағы болып табылады.

Ірі ғалым, танымал қоғам қайраткері, талантты дара тұлға академик Аманжол Қошановтың өмірі мен шығармашылығы, негізгі сара жолы осындай. Ол ғылымға өте берілген жан, сүйген ісіне, бірде және мәңгілік өмірлік таңдауы болған – ғылымға өз талантын, тәжірибесін аямай жұмсаған жанқиярлығымен ерекшеленеді. Оған жоғары азаматтылық пен адамгершілік, принципшілдік және адамдарға деген сыйлы қарым-қатынастар мен терең жауапкершілік сезімдері тән. Оның кең жүрегі әрдайым ашық, өзінің бай білімімен және ұшқыр ойларымен кіммен болса да бөлісуге дайын, ғалымның зердесі әлі де көрегендік істер мен ойларға толы, оларды туған республикасының кәдесіне жаратуға күші жетеді. Біз, бүгін, академиктің әріптестері мен оқушылары, ғылыми ортаның және қауымдастықтың өкілдері Аманжол Қошановқа зор денсаулық, шығармашылық ұзақ ғұмыр тілейміз!

Кенжеғали САҒАДИЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp