Коронавирус пандемиясына байланысты карантин жарияланғалы әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейген. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш қауіпті індет кезінде әйелдерге жасалатын әлімжеттікпен күресуді ұсынып, барлық елге үндеу жариялаған болатын. Өкінішке қарай, біздің елімізде де нәзік жандарға карантин кезінде қол көтерушілер көбейген. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы мен еліміздің оңтүстік өңірлерінде ерлі-зайыптылар арасында дау-жанжал жиілеген. Біздің өңірде де шаңырақтың шырқын бұзатындар баршылық.
Қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектерге қолдау көрсету мақсатында елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін әрекет ету алгоритмі бекітілді. Оған құқық бұзушыға шара қолдану, “Жедел жәрдем” шақыру, ұлттық бірыңғай сенім телефонына қоңырау шалу енгізілген. Статистика комитетінің ресми парақшасында соңғы 12 айда зорлық-зомбылыққа душар болғандар 18-49 жас аралығындағы әйелдердің 2,9 пайызын құрағаны көрсетілген. Бұл аз сан емес. Жалпы, өткен жылы Қазақстанда әйелдерге қатысты 115285 тұрмыстық зорлық-зомбылық тіркелген.
Коронавирусқа байланысты карантин жарияланғалы облыстық полиция департаментінің 102 нөміріне 12 мыңнан астам адам қоңырау шалған. Бірақ хабарласқандардың бәрі бірдей тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер емес, әрине. Жалпы, сәуірдің 1-24 аралығында облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар бойынша екі қылмыс тіркеліп, 59 құқық бұзушылық анықталған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жұмыстың жоқтығы мен қарынның тоқтығы әбес қылықтарға итермелей бастаған сыңайлы. Яғни, үйде оқшауланған олар іштері пысқандықтан ішімдік ішіп, арты әйелдеріне қол көтерумен аяқталған. Бүгінде Петропавл қалалық полиция басқармасында осы мәселемен айналысатын әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы жұмыс істейді.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбах сәуір айында отбасылық жанжалдарға байланысты 115 қорғау ұйғарымы шығарылғанын, барлық жанжалқой азаматтар есепке алынып, учаскелік полиция инспекторлары тұрғылықты мекенжайлары бойынша олармен жұмыс жүргізетінін жеткізді. Бұл орайда жасырын жүгіну арқылы зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесудің жаңа тәсілі қолға алынғанын айтып өткен жөн. Мәселен, учаскелік инспекторлар дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінің сатушыларымен сөйлесіп, сыр тартады. Олар өз кезегінде әйелдерге қатысты күдікті жайттарды полицияға хабарлайды.
Әйелдерді қолдау орталығының жетекшісі Алина Орлованың айтуынша, карантин режімі енгізілгеннен бері облыста отбасылық қиын жағдайға тап болған әйелдердің қатары тәртіп сақшылары тіркеген фактілерден едәуір көп. Яғни, бұған дағдарыс орталығынан көмек сұраған жандардың жиі телефон соғуы дәлел.
– Қазір карантин кезінде қоңырау шалған әйелдерге ақпараттық тұрғыда онлайн қызмет көрсетуге мәжбүрміз. Себебі, дағдарыс орталығында бос орын жоқ. Барлығы он сегіз адамға шақталған. Онда бүгінде жеті әйел мен он бір бала тұрып жатыр. Дағдарыс орталығын паналаған жандар әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік, педагогикалық, медициналық көмек алады, – деген Алина Орлова бұл ұйым 2000-шы жылы құрылғанын, содан бері аталмыш орталық талай адамға пана болғанын тілге тиек етті. Десе де, шағын орталық қайсыбірінің жанына сая, көңіліне демеу болады? Облыс орталығында тағдыр тауқыметін тартқан әйелдер аз емес, ал алыс аудандардағы қыз-келіншектер, тіпті, назардан тыс қалып жатқаны анық. Ішкені ірің, жегені желім болған қыз-келіншектердің жайы кім-кімді де ойландыруы тиіс.
Әр өңірде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Аталмыш комиссияның мүшесі, “Қазақстанның әйелдер күштері альянсы” қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының жетекшісі Бақытжан Сәмиева да күйеуінен жәбір көретін келіншектер барар жер, басар тау таппағандықтан басына қандай күн туса да төзуге мәжбүр болатынын айтады. Өңірімізде әйелдерге арналған дағдарыс орталығы жұмыс істегенімен, бұл ұйым жапа шеккен санаулы ғана қызкеліншекке қызмет көрсете алады. Сондықтан аталмыш қоғамдық бірлестік әр өңірде мемлекеттік деңгейде дағдарыс орталығын ашу туралы бастама көтеруде.
– Мұндай мемлекеттік дағдарыс орталығы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана бар. Аталмыш ұйым әр өңірде ашылуы тиіс. Жасыратыны жоқ, көптеген қыз-келіншек отбасында зорлық-зомбылық көреді. Ана мен баланың құқығы ешқашан тапталмауы керек. Қоғам оларды қорғауы тиіс. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын осындай орталықты біздің өңірде ашу ойда бар, – деді Бақытжан Мағжанқызы.
“Бас жарылса – бөрік ішінде” деп түсінетін көп әйел отбасында орын алатын ұрыс-керісті сыртқа шығармауға тырысады. Психологтардың айтуынша, бұл қате түсінік. Әйелге қол көтеру – еркектің әлсіздігі. Оны жасырудың соңы ауыр қылмысқа ұрындыруы бек мүмкін. Бұл жағдайда жәбірленуші тарап үндемей қалмауы тиіс. “Адам аласы ішінде” демекші, тоғыз ай бойы құрсағында көтерген, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген анасына күш көрсететін жетесіздер де бой көрсетіп қалуда. Петропавл қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, есейген баласынан жәбір көргенін айтып шағымданған. Еш жерде жұмыс істемейтін 32 жастағы жігіт ішімдікке әуес екен. Үйде үнемі жанжал шығарып, анасының мазасын алған. Бұған дейін де құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген, бірақ бауыр еті – баласына жүрегі елжіреген ана арызын бірнеше рет қайтарып алыпты. Бұл жолы тәртіп сақшылары заң бұзған жігітті 7 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Елде төтенше жағдай жарияланып, қауіпті дерттен қалай аман қаламыз деп жүргенде жанжалқұмар жігіттің анасына көрсеткен зорлығын естіген жұрт жағасын ұстады.
Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі деп ұғатын туыстардың кесірінен немесе қорыққаннан кейбір әйелдердің қорлыққа төзуден басқа амалы жоқ. Жақында Петропавл қаласында орын алған оқиға сөзімізге дәлел бола алады. Түрлі жарақат алып, бірнеше мүшесі сынған әйел ауруханаға түскеніне қарамастан, күйеуін кешірген. Отбасын сақтап қалуға тырысқан әйелдің бұл әрекетін еркек түсінсе бір сәрі ғой. Биыл Президент тапсырмасымен әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсетушілерге қатысты заң қатаңдатылғаны белгілі. Бірақ қамауға алу күні 15 тәулікке дейін ұзартылғанын, айыппұл көлемінің еселеп өсуін шыбын шаққан құрлы көрмейтіндер әлі де бар екенін көріп отырмыз.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.