«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫС ЖАНДАНЫП, САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙДІ

Өңірде төтенше жағдайлар режімі аяқталып, жұмыс жандана бастады. Облыс аумағында шектеу шараларының өзгеруі туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов мәлімдеді.

Брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына тоқталды. Жалпы, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтатын болсақ, наурыз-мамыр айларында облыста 36 адам ауру жұқтырды. Соның ішінде 12 адам Египет, Ұлыбритания, Ресей елдерінен ауру әкелді. Жергілікті тұрғындар арасында ауру ошағы Петропавл қаласы мен Мамлют, Тайынша, Қызылжар, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда анықталды. Қауіпті індетке шалдыққан науқастардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Қазіргі таңда 30 науқас емделіп, ауруханадан шықты. Оның біреуі – Көкшетау қаласының тұрғыны. Қалған алтауы инфекциялық стационарда ем қабылдауда. Олардың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. Жан сақтау бөлімшесі мен интенсивті терапияда жатқан науқас жоқ. Бүгінде 34 адам провизорлық, 53 адам карантиндік стационарда. Ал 408 тұрғын үй карантинінде.
Брифингте өңірде төтенше жағдайлар режімі аяқталса да, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режім сақталатыны айтылды. Үстіміздегі жылдың 11 мамыр күнінен бастап облыстағы кәсіпкерлік нысандары іске қосылды. Алайда, қауіпсіздік талаптарын орындау маңызды. Азық-түлік емес және құрылыс, автомобиль, киім сататын базарлар таңғы 10:00-ден 17:00-ге дейінгі режіммен, қоғамдық көліктер таңғы 06:30-ден 21:30-ге дейін (автобуста тасымалданатын адам саны отырғызылатын орыннан аспауы керек) жұмыс істейді. Сондай-ақ, алдын ала жазылу бойынша балалар түзету кабинеттері, кітапхана, мұражай, архив, спорттық нысандардың (жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары үшін, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, 30 адамға дейінгі топтық және жеке жаттығу жасайтын кәсіби спорт клубтарында жаттығу жасауға рұқсат) жұмысы жанданды. Отыз адамға дейін жеке және топтық дайындық жасайтын мәдени нысандар мен сұлулық салондары (барлық қызмет түрлері алдын ала жазылу бойынша) іске қосылды. Ал 13 мамырда мектепке дейінгі білім және тәрбие беру ұйымдарында кезекші топтар ашылса, қалған топтар 18-ші мамырдан бастап жұмыс істейді.
Облыс аумағында шектеу шаралары жалғасады. Төтенше жағдайлар аяқталғаннан кейін жұмысы жанданған ұйымдарда еңбек ететін азаматтардың жұмыс орны мен ауылда тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы анықтамасы бар адамдар өңір аумағына кіріп, шыға алады. Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қабылдаған қаулыға сәйкес халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлеріне, медициналық себептері бар науқастарға, соның ішінде провизорлық және карантиндік стационарда болған азаматтар мен транзиттік жүк көліктері, тұрғындардың өзге де қажеттіліктерін қамтамасыз ететін тұлғалардан басқа адамдарға карантин аумағындағы аудандар мен Петропавл қаласына кіріп, шығуға рұқсат жоқ.
– Тұрғындар қауіптің беті сейілгенше сақтық шараларын орындаулары тиіс. Қонаққа баруды шектеп, отбасылық іс-шараларды өткізуге асықпаған жөн. Қоғамдық орындарда 3 адамнан артық (отбасы мүшелерін қоспағанда) топтасып жүруге болмайды. Жерлеу рәсімдері кезінде жаназаға 30-дан артық адам жиналмауы тиіс, – дей келе Серікбай Қасмақасов әзірге теміржол және автовокзалдар, автостанциялар жұмыс істемейтінін, қалааралық, ауданаралық автобустар қатынамайтынын жеткізді.
Блокбекеттерде облыс шегінен қозғалысты шектеп, Ішкі істер және Қорғаныс министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен COVID-19 вирусы тіркелген елді мекендерде қатаң карантиндік шаралар енгізуі тиіс. Ресеймен шекаралас аудандарда шектеу шаралары қатаң сақталады. Денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел жәрдем көлігінде, жергілікті атқарушы органдар карантинге бөлген бөлмелерде, үйде медициналық көмек көрсетуде, ауру анықталған ошақта эпидемиологиялық зерттеулер жүргізуде аудио, бейнежазба мен суретке түсіруге тыйым салынған. Бұқаралық іс-шараларды (мерекелік, спорттық, ойын-сауық, мәдени іс-шаралар, конференциялар, семинарлар, көрмелер және т.б.) өткізуге болмайды. Кинотеатр, фитнес және түнгі клубтар, сауда ойын-сауық орталықтарындағы балалар алаңдары, діни орындар, сауна, компьютерлік клубтар, спорт кешендері (үйірмелер, секциялар және т. б.) уақытша жұмыс істемейді. Қауіпті індет тараған елдерде өтетін спорттық, туристік, мәдени іс-шараларға баруға болмайды.
Бүгінде тұрғылықты жері бойынша адамдар үйден еркін шыға алады. Тек серуендеу кезінде бетперде кию қажет. Әсіресе, дәріхана, дүкен, кеңсе, медициналық ұйымға барғанда, қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру кезінде бетперде кию міндет. Сондай-ақ ойын-сауық орындары жоқ саябақ, алаңда демалуға болады. Аулаға шығуға, саяжайға баруға, облыс ішінде автокөлікпен жүруге рұқсат етілгенін де айтып өткен жөн. Барлық жұмыс орындарында сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Санитайзерлер орнатылып, күніне екі мәрте залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Әр рейс алдында қоғамдық көліктер, әуежай, аялдама, супермаркет, базарлар, балалардың ойын алаңдары, орындықтар, банкоматтар мен терминалдарды дезинфекциялық құралдармен тазалау қажет. Сауда нысандарында, тамақтану орындарында қызмет көрсетушілер қауіпсіздік құралдарын пайдаланғаны жөн.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp