
Облыстық балалар ауруханасының патология және күні жетпей туған сәбилерге арналған бөлімшесінде дамуында ауытқуы бар бір айға дейінгі жаңа туған сәбилер жатады. 32 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген нысанға биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Аталмыш бөлімшедегі және №2 қалалық емханадағы жөндеу жұмыстарының барысымен облыс әкімі Ерік Сұлтанов танысты.
Балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов жөндеу жұмыстары екі кезеңде жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Алдымен 3,7 млн. теңгеге терезелер ауыстырылған. “Қазір бөлімшенің қабырға, төбелері тегістеліп, едені толығымен қайта құйылуда. Кәріз жүйелері мен электр желісі ауыстырылады. Бұл жұмыстың жалпы құны 13,2 млн. теңгені құрайды”, – деген бас дәрігер осындай күрделі жөндеудің арқасында өздерінің ең кішкентай пациенттерінің заманауи талаптарға сай жағдайдағы ауруханада ем-дом қабылдайтынына қуанышын жеткізді.
Жеке корпуста орналасқан патология бөлімшесінде жылына, шамамен, 500-дей сәби емделеді. Ауруханада 10 негізгі бейіндік және төрт қосымша бөлімше бар. Сонымен қатар, жансақтау бөлімшесі, дәріхана және бір ауысымда 250 адамға дейін қабылдайтын емхана тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “СпектрСтройСевер” ЖШС-нің директоры Галина Нагорнаяға нысанды сапалы жөндеп, уақытында тапсыру қажеттігін ескертті. 1 маусымда басталған жұмысты келісім бойынша екі айда аяқтау көзделген. Жұмыс қарқыны жақсы, кедергісіз жүріп жатыр.
Өңір басшысы жергілікті бюджет қаржысы есебінен жөнделіп жатқан №2 қалалық емханада да болды. Онда сәулелі диагностика кабинеттеріне арналған орынға 7,5 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Емхананың бас дәрігері Жеңіс Әбішев аталмыш мекемеде өкпе, асқазан, тоқ ішек және тағы басқа ағзалардың қатерлі ісікке шалдығуын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін флюорография, маммография, рентген сияқты соңғы үлгідегі сандық аппараттар орналастырылатынын айтты. Емхананың сыртқы жөндеуін “Сантехэлектромонтаж” ЖШС-і жүргізуде. Олар жөндеу жұмыстарын осы айдың соңына дейін толық аяқтап шықпақ.
– Биылғы жылы білім, медицина және мәдениет салалары бойынша жөнделетін нысандар саны екі есеге артты. Өткен жылы 50 нысанды жөндесек, биыл 97-сінде жұмыс жүргізілуде. Облыс бойынша 17 медициналық нысанды жөндеу қолға алынды, оның екеуінде жұмыс аяқталды. Қарқын жақсы. Нысандарды мекемелердің қаржысы есебінен де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соған қарағанда бұл көрсеткіш одан да жоғары болмақ, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағановтың сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылы аталмыш ведомство нысандарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 325 млн. теңге бөлінген. Осы қаржыға сегіз нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бөлінген 291 млн. теңгеге 9 нысан жөнделуде. “Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 52 млн. теңге және облыстық туберкулезге қарсы диспансердің хирургия бөлімшесін күрделі жөндеуге 36 млн. теңге қаражат қажет. Оған “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша ақша бөлуді сұрап отырмыз. Бұл мәселелер қазіргі күні қаралу үстінде”, – дейді Қабдырахман Сақтағанов.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.