«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰРТТЫ ДҮРЛІКТІРІП, ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны лаңкестік актілер туралы жалған хабар таратқаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әңгіме облыстық Ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес жөніндегі бөлімінің қызметкерлері ұстаған, қаңтар айында полицияға темір жол вокзалы ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы тәулігіне екі рет қоңырау соққан ер адам жайында болып отыр. Алдымен Петропавл ІІБ-нің жедел басқару орталығына түнгі сағат 1.30-ға таяу телефон шалды. Белгісіз ер адам вокзалға бомба қойылғанын хабарлады. Оқиға орнына шұғыл әрекет ету қызметінің қызметкерлері келіп, жолаушылар мен вокзал қызметкерлері сыртқа шығарылды. Арнайы құраманың және үйретілген ісшіл иттердің көмегімен жүргізілген тексеріс жарылғыш құрылғы тапқан жоқ. Сағат 2.40-та бәрі тыныштық қалпына келді. Алайда, таңертең сағат 9.11-де күрес қызметі қайта көтеріліп, вокзал ғимаратынан адамдар тағы тысқа шығарылды, өйткені, дауысы таныс белгісіз ер адам “102” пультіне қайтадан телефон шалып, егер оған 5 миллион теңге ақша әкеліп берілмесе, темір жол вокзалын жаратынын айтып қорқытты.

Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабы “Лаңкестік актісі туралы қасақана берген жалған хабар” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті екеуін де мас күйінде жасағанын мойнына алды. Сот барлық зерттеу материалдарын қарастыра отырып, оны екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеуге үкім шығарды. Сәуір айының басында вокзал ғимаратына мина “қойған” тағы бір “қалжыңқой” қазір тергеуде жүр. Қалалық 22 жастағы жігіттің 6 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарының қолындағы техникалық мүмкіндіктердің бүгінде телефон шалушыны жедел анықтап, мұндай қылмыстарды жылдам ашатынын еске сала кеткен жөн. Өткен жылы облыста 8 жалған қоңырау тіркелген, оның барлығы ашылды. Сондықтан мұндай қауіпті “қылжақпен” айналысатындардың ойланғандары жөн.

Ішкі істер депатаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp