«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

“Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді” деп ақын Ілияс Жансүгіров жазғандай, ұзақ жылдар бойы есімі еленбей келген, тіпті, халық жадынан өшіп кетуге шақ қалған қаншама дара да дана тұлғаларымыз Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралып, атқарған ұлы істеріне орай лайықты құрметке бөленуде.

Осындай тұлғалардың бірі және бірегейі – дауылпаз баба, жырау, ел қорғаған қайсар батыр, Ордабасы Қожаберген Толыбайұлы. Оның ел бостандығының әнұранына айналған “Елім-ай!” дастанын, «Баба тілі» сияқты ғахлия-ғибратқа толы жырын және халықты ұйытуға, бірлікке шақырған басқа да дастандар мен өлеңдер жазғанын тарихшылар мен әдебиет зерттеушілері айғақтап, 2013 жылы туғанына 350 жыл толған мерейтойы аталып өтіп, Алматыда, Астанада ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылды.

Әрине, бұл зор көлемдегі шаралар өздігінен бола қоймағаны белгілі. Атап айтқанда, академиктер Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, профессорлар Тұрсынбек Кәкішев, Амангелді Айталы және басқалар тарихи деректерге сүйене отырып, зерделі зерттеулер арқылы бабамыздың тұлғасын, жырларын, оның Тәуке ханның “Жеті жарғысын” жазудағы үлесін айғақтап берді. Соған орай 2014 жылы “Зерде” баспасынан журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменов құрастырған “Мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы” деген тарихи-танымдық жинақ жарық көрген еді.

Ал биыл тағы да Қожаберген бабамызға арналған жаңа кітап “Дауылпаз баба Қожаберген жырау” деген атпен Астанадағы “Фолиант” баспасынан жарық көрді.

Ендігі әңгіме осы жаңа жинақ орайында өрбімек. Оны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов пен Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов құрастырып шығарды. Бұл еңбек қожабергентануды одан әрі өрге шығарған татымды, танымдық кітап болып, батыр әрі жырау бабаның, Ордабасының өмірі мен ел бірлігі жолындағы жанқиярлық еңбегін әмсе ұлтымыздың жүрегіне жеткізді.

Осы орайда “Дауылпаз баба Қожаберген жырау” жинағының тұсаукесері өткен 12 желтоқсан күні С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға жиналған оқырман қауым Жарасбай Сүлейменовтің сөзін ұйып тыңдап, оның дана жайында “Ұлт ерлігінің символы” деген лебізін жүректеріне ұялатты. Құрастырушылардың атқарған үлкен еңбегі кітаптың көлемді үш бөлімінен сезіледі. Қожабергентануға үлес болып қосылған осы кітаптың еліміздің өскелең ұрпағына ғибратын айтылған лебізден баршамыз айқын аңғардық. Атап айтсақ, “Қожаберген – ұлт ерлігінің символы” деген алғашқы бөлімінде облыс әкімі Ерік Сұлтановтың мақаласынан бастап, ғалымдардың дәйектері, зерттеулері ықыласпен оқылады.

Екінші бөлімі “Қожаберген жырау – ұлы дала дауысы” деп аталып, онда Ордабасының туғанына 350 жыл толуына арналған конференцияның материалдары орналастырылса, “Жыр арнадық өзіңе, жыраубаба” деген үшінші бөлімінде республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарының жырлары және басқа да өлеңдер топтастырылған.

Абай Тасболатов та аз сөзбен Қожаберген жыраубабаның ел тарихынан алар биік орнын айтып берді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Әскери институты бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник, педагогика ғылымдарының кандидаты Марат Батыров, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл институтының директоры Жанар Таласбаева және басқалар тұғыры бөлек тұлғаны әр қырынан танытып, тыңдармандарға үлкен ой салды.

Әнші Шынар Темірханова жыраудың “Елім-ай!” әнін орындап берді.

Тарихтан табылған тұлға – Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен шығармашылығын, ерлігін баяндаған осынау жинақ өзінің мағыналы мазмұнымен, зерттеулердің дәйектілігімен, көркем безендірілуімен жұртшылықтың ықыласына бөленген жәдігер болатыны анық.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp