Жақында 37 мыңнан астам өңір тұрғыны коммуналдық төлемдерін өтеу мақсатында 15 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болады. Аталмыш көмек түрі кімге және қандай тәртіппен беріледі? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте баяндалды.
Елімізде енгізілген төтенше жағдай режіміне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық төлемдерді өтеу мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды қолға алу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет түрлерін жеткізушілерге шығындарды өтеу тәртібін белгіледі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, аталмыш көмек түрі мына топтарға енетін адамдарға берілмек:
1) 1, 2 және 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
2) ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектері, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар;
3) Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
4) Көпбалалы отбасылар;
5) Ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын азаматтар;
6) Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасылары;
7) Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлер.
15 мың теңге мөлшеріндегі көмекке ие болу үшін өтініш беруші азаматтардың атында міндетті түрде абоненттік шот болуы тиіс. Және бұл қаржы екі рет, яғни сәуір және мамыр айлары үшін төленеді. “Өтінімдер call-орталықтар арқылы қабылданады. Көмекке ие болу үшін азаматтар жергілікті әкімдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін және есепшоты туралы ақпаратты жолдауы қажет”, – деді Әділбек Әубәкіров.
Брифингте журналистердің онлайн тәсілмен жіберген сауалдарына жауап берген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов жәрдемге ие болатын 37 мыңнан астам тұрғынның ішінде 4 мыңға жуығы атаулы әлеуметтік көмекті алатын азаматтар екенін айтты.
Сурет: https://ru.sputniknews.kz/