«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛДАРДЫҢ САНЫ АРТТЫ, енді сапасы жақсарса

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында екі мәселе қаралып, мінбеге бірінші болып жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бәкеев көтерілді. Баяндамашы жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайына, алдағы міндеттерге тоқталды.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 мыңға жуық шақырымды құраса, 7 мыңы жергілікті маңызға ие. Бұл көрсеткіш бойынша республикада үшінші орындамыз. Көрші өңірлерге қарағанда қиыршықтас пен топырақ төселген автожолдардың үлесі басым. Атап айтқанда, Қостанай облысынан – 1,2 есе, Павлодардан – 1,7 есе, Ақмоладан 1,3 есе көп.

Бүгінгі күні автомобиль жолдарының 68 пайызы немесе 6104 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 770 шақырым жолды жөндеуге 39 млрд. теңге қарастырылған. Оның 12 миллиарды 281 шақырым облыстық, 6 миллиарды 394 шақырым аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге бағытталады. Автожолдарды жөндеуге бөлінетін қаражат көлемінің өсуіне орай мердігерлік ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтануы жақсара түскен. Соңғы жылдары 60-тан астам қуатты жол-құрылыс техникалары сатып алынған.

Өкінішке қарай, тапсырылған іске салғырт қарау салдарынан сапасыздыққа жол беріп жататын мердігер ұйымдар аз емес. Былтыр басқарма тарапынан сотқа 10 іс жолданып, үшеуі қанағаттандырылған. Құмар Іргебайұлының “Ұлттық сапа орталығы жергілікті филиалының жылжымалы зертханасы пайдалануға берілген жолдардың сапасын тексеруге қанша рет барды?” деген қарапайым сұрағына өңір басшысының орынбасары Антон Федяев те, жауапты басқарма басшысының орынбасары Асхат Бәкеев те нақты жауап бере алмады. Әкім сапа жайын екінші орынға ысырып, сандық көрсеткіштер қуалауды өткір сын тезіне алып, оның бір мысалына Заградовка ауылына тартылған асфальт жолды келтірді. Кепілді міндеттемелерін орындамаған мердігер компаниялардан сұрау қатаң болатынын ескертті.

 

“ҚазАвтожол” ұлттық компаниясы филиалының директоры Болатбек Айтбаев республикалық маңызға ие 1970 шақырым жолдың жайын баяндады. Петро павл – Қорған жолының Мамлют ауданындағы аумағын жөндеуді әрі қарай жалғастыру үшін 12,2 млрд. теңге бөлінген. Көкшетау – Омбы бағыты бойынша құрылыс-жобалық құжаттар дайын. Орташа жөндеу жұмыстарына 3,1 млрд. теңге қарастырылған. Барлық құрылыс учаскелерінде техникалық бақылау барынша күшейтілген. Көктемгі қарғын судың алдын алу мақсатымен сақтық шаралары жасалыпты. Кей жол учаскелерін су басып, көліктердің жүру қозғалысы шектелген.

Болатбек Айтбаев сөзінің соңында республикалық маңыздағы жол бойларында жұмыс істейтін 91 нысанда сервистік қызметтің стандарттарға сәйкес көрсетілмейтіні жайлы аудан әкімдіктеріне бірнеше мәрте ескертілгеніне қарамастан тиісті қорытынды шықпай отырғанын ашық айтты. Мұндай келеңсіз оқиғалар Мағжан Жұмабаев ауданында көбірек орын алған. Құмар Ақсақалов отырысқа онлайн қосылған аудан әкімі Қайрат Омаровтың кемшілігін бетіне басты. Шынында да, өткен жылдың күзінен бері нысан иесінің қолына ескертпе қағазды тапсыра алмауы – дәрменсіздіктің белгісі. Бұдан кейін дәмханаларда, басқа да нысандарда санитарлық-гигиеналық тазалықтың бақылаусыз қалып, түрлі науқас-кеселдердің өршіп кетуі мүмкін екені аудандағыларды ойландырмайтын тәрізді. Мамлют ауданында да осыған ұқсас жағдай жиі кездеседі. Мұнда да жауапкершілікті өзгеге итере салу пиғылы басым. Санитарлық қызмет, тәртіп сақшылары өз өкілеттігі құзыретінде сылбыр қимылдайтын тәрізді.

Құмар Іргебайұлы күн тәртібінде қаралған мәселені қорытындылай келіп, соңғы 3 жылда 2150 шақырым жолды жөндеуге 92,5 млрд.теңге жұмсалғанын, сөйтіп 95 ауылда тұратын 133 мың тұрғынның өмір сапасы жақсарғанын атап өтті. Биыл бұл мақсат үшін 37 млрд. теңге қарастырылып, ішкі резерв есебінен қосымша 2,1 млрд. теңгеге көбейген. Жыл аяғына дейін 770 шақырым жол қалпына келтіріледі. Бұл жолдардың бойында 135 мың тұрғыны бар 189 елді мекен орналасқан. Ақжар, Тимирязев, Жамбыл, Уәлиханов аудандарына айрықша қамқорлық жасалып, қомақты қаржы бөлінетін болады.

Отырыста төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камаловтың қызыл жалынмен күрес жайлы хабарламасы тыңдалды. Ол өткен жылға қарағанда биыл шақыртулар саны алты есеге дейін өсіп, 4 орман өрті тіркелгенін, 5 гектар жердің жасыл желегі күйгенін, 400 гектар орман алқабы зардап шеккенін жеткізді. Өрттің 70 пайыздайы шаруашылық басшыларының кінәсінен бола тұра бәрі бірдей жауапкершілікке тартыла бермейтін көрінеді. Ауылдық маңызы бар күре жолдардың маңайында жер жырту шаралары толыққанды атқарылмайды. Кей аудандарда мобильдік өрт сөндіру бригадалары құрылмаған. Күн жылынысымен сабан қалдықтарын өртеу белең алады. Бұдан жердің беткі қабатына нұқсан келіп, топырақтың құнары төмендейді. Осыны аудан әкімдері біле тұра сақтық шараларын күшейтуге асығар емес. Жүйелі бақылаудың жеткіліксіздігінен былтыр 25 орман өрті тіркелген. Шабындықтарды, жайылымдарды, орман-тоғай алқаптарын өрттен қорғау ережелері қатаң сақтала бермейді.

Тіпті, бас құтқарушы мен аудан әкімдері келтірген деректер арасында қарама-қайшылықтар кездесіп, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс айтып отырғанын білмей дал болады екенсің. Қарап тұрсаң, бәрі тап-тұйнақтай секілді, конкурс та өткізілген, қаражат та бөлінген. Бірақ нақты іске кіріскен бірі жоқ. Жиында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов та есеп берді.

Құмар Ақсақалов әкімдік отырысын қорытындылай келіп, аудан әкімдері мен ведомоство басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Жауапкершілікті нығайтып, сапа жағына айрықша назар аударуды талап етті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Сурет: https://pkzsk.info/


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp