Кез келген мемлекеттің даму көрсеткіші халқының денсаулығымен өлшенетіні белгілі. Тұрғындардың өмір сүру деңгейін анықтауда да бұл жайтқа ерекше мән беріледі. Біздің өңірімізде де соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту үшін тың жобалар қолға алынып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі арта түсті. Облыс орталығында тұрғызылып жатқан заманауи көпбейінді аурухана өңіріміздегі медицина саласына жаңа серпін бермек.
Сапалы медицина – даму көрсеткіші
Соңғы уақытта жүргізілген жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Халықтың тұрмысын арттыруға бағытталған жобалардың негізгі бөлігі денсаулық сақтау саласына арналып, бүгінгі күннің өзінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың басшылығымен медицинада оң өзгерістер орын алуда. Жыл сайын аталмыш бағытта жұмсалатын қаржы көлемі де артуда. Мәселен, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру соңғы үш жылда 60 пайызға өсіп, 42,2 млрд. теңгеге жетті. 2018 жылдан бері медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлінетін қаржы үш есеге көбейіпті, яғни былтыр оның көлемі 2,7 млрд. теңгені құрады (2017 жылы – 1,2 млрд. теңге, 2018 жылы – 1 млрд. теңге). Соның нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші – 12,1, қатерлі ісік аурулары – 0,6, жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алу – 50, сәбилердің шетінеуі 17,2 пайызға төмендеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ақ халаттылардың орташа айлық еңбекақысы 234 мың теңгеге жетті. Олармен бірге медбикелердің де жалақысының көлемі орташа есеппен 20 пайызға өсті. Биыл да дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жалғасын тапты. Медицина қызметкерлерінің жалақысы тағы да 30 пайызға артты. Сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелеріне құны 4 млрд. теңге тұратын медициналық құрал-жабдық, “Mersedes” маркалы 66 реономобиль сатып алынды. Өңір ауруханалары мен емханаларының машина паркі “Hyundai” маркалы көліктермен толықты.
Облысымызда медицина мамандарының тапшы екені белгілі. Осыған орай еліміздің дәрігерлер даярлайтын жоғары оқу орындарымен жүргізілген келісімдер нәтижесінде биылғы тамыз айында облысымызға жас мамандар келді. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде қызмет атқарса, қалғаны қала емханаларында еңбек етіп жүр. Ал аудандарда өз жұмысын бастайтын бес отбасылық дәрігерлік амбулатория және 20 фельдшерлік-акушерлік пунктің арқасында алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болады деп болжануда.
Игілікке тартылған инвестиция
Былтыр денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту мақсатында ірі жоба қолға алынды. Нақтырақ, 2019 жылдың маусымында Нұр-Сұлтан қаласында облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен түріктің “YDA холдинг” компаниясының төрағасы Хусейн Арслан заманауи көпбейінді аурухана салу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Талай жылдар бойы емханаларда кезекке тұрудан жалыққан, сапалы медициналық көмекке зәру өңір жұртшылығы бұл бастаманы қуана қабыл алды. Емдеу мекемесі толығымен іске қосылған кезде басы ауырып, балтыры сыздағандар дертіне шипа табу үшін бірнеше емдеу мекемесінің табалдырығын тоздыруды қояды. Қала орталығынан шалғай тұратындар мен аудан тұрғындары да денсаулығына қатысты мәселелерін бір жерде шешіп, дәрігерлердің жедел әрі сапалы көмегіне жүгіне алады.
Бүгінде аталмыш жоба ойдағыдай іске асырылып жатыр. Құрылыс қарқыны жоғары. Нысан Петропавл қаласының “Шығыс” шағынауданындағы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында орналасқанын айта кеткен жөн. Заманауи орталық болашақта сапалы медициналық көмек беретін бірегей кешенге айналмақ.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылысқа қаржы құйған түркиялық инвестор “YDA Holding” компаниясы нысанды 2023 жылы пайдалануға бермек. Жалпы құны 115 млрд. теңгені құрайтын ауруханада 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, оның жанынан дәрігерлер үшін 200 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов көпбейінді аурухана “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының негізгі жобаларының бірі екенін айтты. Бұл Нұр-Сұлтан қаласын есептемегенде, Қазақстандағы JCI жүйесі бойынша салынған алғашқы көпбейінді нысан болмақ. JCI жүйесі дегеніміз – медициналық мекемелердегі сапалы қызмет пен қауіпсіздікке қойылатын әлемдік стандарт.
– Облыс дамуын жеделдету мақсатында Үкіметтің 2019 жылғы 11 қазандағы қаулысына сәйкес “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылғанын білесіздер. Оның алғашқы қатысушысы болып аталмыш түрік компаниясы тіркелді. Клиника барлық әлемдік стандарттарға жауап беретін осызаманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Облыстық көпбейінді аурухана – өңіріміздің медицинасын дамытудағы маңызды қадам, – дейді Нұржан Садықов.
Бүгінде нысан құрылысын “ATM Petropavlovsk Hospital” SPV” ЖШС-і жүргізуде. Мердігер жыл соңына дейін аурухананың іргетасын қалап, қызметкерлер үшін тұрмыстық кешен мен тұрғын үй салуды жоспарлаған. Аумаққа 2300 бағана жеткізіліп, олардың 1600-і қағылды. Таяу күндері құрылыс алаңындағы 70 адамның санын бір мыңға дейін жеткізу көзделген.
Бес аурухана – бір кешенде
Әлем бойынша үздік деп танылған JCI жүйесі бойынша салынатын жаңа кешен сапа мен қауіпсіздік талаптарының халықаралық жүйесіне сай болады деп күтілуде. Болашақта бұл нысанға облыстық аурухана, онкологиялық диспансер, перинаталдық орталық, тері-венерологиялық диспансер, кардиологиялық орталық және инфекциялық бөлімшелер көшіріліп, олар орталықтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейтін болады. Жергілікті билік облыс орталығындағы аса маңызды 5 медициналық мекемені бір көпбейінді ауруханаға біріктіру нәтижесінде 10,9 млн. теңге үнемдемек.
– Бірнеше бағытта жұмыс істейтін дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің өңір тұрғындарына бір орталықтан қызмет көрсетуі бұрын-соңды болмаған. Науқастар дәрігерлердің көмегіне жүгінуі үшін қаламыздың түкпір-түкпірінде орналасқан емдеу мекемелеріне шапқылауға мәжбүр еді. Ал заманауи медициналық орталық “бір терезе” қағидасы бойынша қызмет көрсетіп, азаматтардың алтын уақытын үнемдеуге септесері сөзсіз. Облыс тұрғындарының өңірден тыс жерге кетпей-ақ, Петропавл қаласында сапалы қызмет түрін ала алатыны қуанышты жайт емес пе? Бұл жобаға үздік дәрігерлерімізді тартамыз, олар соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларда жұмыс істейтін болады. Мұнда қымбат құрал-жабдықтар орнатылады. Мысалы, желілік үдеткіш дейтін онкологиялық ауруларға өте қажетті және бағасы қымбат құрал-жабдық қолданылатын болады. Сонымен қатар қабылдау бөлімі жаңа триаж стандарттарына сәйкестендіріп салынады, – дейді облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.
Аурухана жанынан қонақүй, дәрігерлерге арналған баспана және басқа да қажетті нысандар салуды көздеген “YDA Holding” АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арсланның айтуынша, заманауи ғимараттың бас жобасы бір жыл бойы жасалған. Оған түріктердің үздік архитекторлары тартылып, жоба бірнеше талқылаудан өткен. Бұл холдингтің елімізбен 18 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келе жатқанын атап өткен жөн. Алпауыт компания осы күнге дейін әлем бойынша жалпы құны 10 млрд. долларға бағаланған түрлі заманауи ауруханалар салған.
– Біздің құрылыста қолданатын заманауи құрылғыларымыздың көбі Түркия елінде жасалған, сонымен қатар еуропалық қондырғыларды да пайдаланамыз. Құрылыс жұмыстары барлық талаптарға сай жүргізілуде. Заманауи технологиялармен жабдықталған ауруханада жұмыс істейтін мамандар біздің түрік дәрігерлерінен тәжірибе жинақтайтын болады. Сонымен қатар бұл жұмысқа басқа да шетелдік мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Жоғары және орта білікті дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер ортасын қалыптастыру да – бізге қойылған талаптардың бірі. Бұл мәселе ұдайы назарымызда. Біз жергілікті серіктестерімізбен бірлесіп, екі жарым жыл ішінде көпбейінді аурухана құрылысын аяқтап, тұрғындар игілігі үшін аурухана есігін айқара ашамыз. Жалпы, Қазақстанның денсаулық сақтау саласына инвестиция құюды одан әрі жалғастырамыз. Петропавлдағы құрылысқа 1000-1300 адамды жұмылдырмақ ойымыз бар. Аурухананың заманауилығымен қатар мұнда мамандар тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдіретін болады, – дейді компания төрағасы Арслан Хусейн. Аталмыш ұйым өкілдері бұл жоба арқылы өңіріміздің денсаулық саласына заманауи стандарттарды енгізбек.
Сырқаттар шетелге сабылмайды
Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асатындықтан, түріктер емдеу орталығын салып қана қоймай, басқару ісіне де жауапты болады. Олар сапалы қызмет көрсетудің жоспарын жасап, бүгінгі күннің өзінде екі жылдан кейін пайдалануға берілетін аурухананың жұмысын ойластырып қойған. Айтуларынша, медициналық нысан жұмыс істеген күннен бастап өңір тұрғындары қазіргідей сапалы медициналық қызмет алу мақсатымен ел аралап кетпейді, Ресейдің және өзге де шетелдің іргелі медицина мекемелеріне бармай-ақ, осы жерде ем-дом қабылдай алады. Жаңа ғимаратта өңірімізде бұрын-соңды болмаған пневмопошта жүйесі орнатылады. Бұл жүйе дәрігерлердің уақытын үнемдеуге септеседі. Ол дегеніміз, зертханадағы барлық талдаулар әр кабинетке автоматты түрде жеткізілетін болады. Яғни, мамандар сараптамаларды дәрігерлерге өздері таратып сабылмайды. Және де мұнда емделушілерге бір орынды, екі орынды және VIP-бөлмелер қарастырылған. Медициналық кешен аумағында санавияция үшін ұшу алаңын салу да жоспарда бар. Бұған қоса, жаңа нысан медициналық туризмді дамытуға ықпал ететін болады.
Осызаманғы барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, білікті дәрігерлермен толығатын аталмыш клиниканың ашылуын асыға күткен жұртшылық мұндай жаңашылдыққа дән риза. Медицина саласының ардагері, талай жылдар бойы басы ауырып, балтыры сыздағандардың жанашыры бола білген Бейбіт Мұқышева бұрын-соңды болмаған нысан денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Солтүстікқазақстандық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер қауымы үшін бұл – үлкен жаңалық. Тәуелсіздік алған тұстан бері өңірімізде бірқатар жаңа ауруханалар мен емханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып келгенімен, бүгінгі күннің сұранысын қанағаттандыратындай емдеу орны бұрын-соңды болған емес. Осызаманғы талаптарға сай, “бір терезеден” қызмет көрсететін көпбейінді аурухана бірнеше сырқатты бір мезгілде қабылдап, қажетті ем-дом шараларын жедел жүргізуге мүмкіндік береді. Кез келген мемлекет үшін ең басты құндылық адамдардың өмірі мен денсаулығы екенін ескерсек, бұл игі жоба біздің өңірдің денсаулық сақтау саласына айтарлықтай тың серпін бермек. Экономикалық қиындықтың орнын уақыт өте келе толтырамыз, ал адамдардың өмірі мен денсаулығын ешқашан қайтара алмайтынымызды естен шығармағанымыз жөн, – дейді ол.
Сәнді де сәулетті аурухананың салынуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған басым бағыттарымен де сәйкес келеді. Бұл ұлт денсаулығына қамқорлықтың басты көрінісі десек, артық айтқандығымыз емес. Мемлекет басшысы “Ақылды қалалар”, цифрлық активтер құралдары сияқты тың технологияларға бейімделу, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу өзіндік брендке айналуы тиіс деп тапсырған болатын. Облыс орталығында бой көтеретін заманауи көпбейінді аурухана осы міндеттің орындалып жатқандығының бір көрінісі іспеттес.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.