Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында әдеттегідей мемлекеттік сатып алу сынынан сүрініп, Ар-намыс кодексін аттағандардың ісі қаралды.
ЕС-164/8 мекемесі бастығының орынбасары Н.Шишованың жеткізушіні таңдауды реттемелейтін ережелерді қолданбастан, “Арша” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен “Креон 25000” препаратын сатып алу жайында келісімшартқа отырғаны белгілі болды. Осылайша мемлекеттік сатып алудың негізгі принциптерін бұзып, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол берген лауазымды тұлғаға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасау ұсынылды.
Кеңесте Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың полиция қызметкерлерінің тәртіптік істері қаралды. Жол-көлік оқиғасының фактілері бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдағаннан кейін Ж.Жолаушин мен А.Дусоганов жол-көлік оқиғасына кінәлілерді әкімшілік жазаға тартуға қатысты шаралар қолданбаған. Сонымен қатар, А.Дусоганов полиция қызметкерін әкімшілік жауапкершіліктен босату мақсатында қалалық прокуратураға қызметтік тергеу нәтижелері туралы жалған ақпарат берген. Заңға қайшы әрекетке жол берген полицейлер енді қызметтерінен босатылмақ. Тәртіптік кеңес мүшелері облыстық ішкі істер департаментінің бастығына осындай ұсыныс жасау туралы шешімге келді.
Отырыста Жамбыл ауданындағы Пресноредуть ауылдық округінің әкімі Б. Қайыровтың, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Р.Сайпенованың және аудан әкімі аппаратының заңгер-маманы К.Сәрсеновтың да заңсыз істері талқыға салынды.
Округ әкімі “В.П.Турнов” шаруа қожалығының округтің инфрақұрылымын қолдау үшін әрдайым әлеуметтік және өзге де көмек түрлерін көрсетіп тұратынын біле тұра мұның бәрін жоққа шығарып, аудандық жер қатынастары бөліміне жалған ақпарат жіберген.
Аталған ақпарат негізінде Р.Сайпенова мен К.Сәрсенов аудан әкімінің орынбасары А.Тасмағамбетовтың нұсқауымен “В.П.Турнов” шаруа қожалығының 3 жер телімі бойынша жерді пайдалану құқығын тоқтату туралы әкімдіктің заңсыз қаулыларын дайындайды. Әкімдік қаулылары жер қатынастары бөліміне түскеннен кейін Р.Сайпенова жерді жалға беру құқығын тоқтатуды тіркеу үшін құжаттарды әділет басқармасына жіберген.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін Б.Қайыровты қызметінен төмендету, Р.Сайпеноваға қызметіне толық сәйкес еместігін ескерту, ал К.Сәрсеновке Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін сөгіс жариялау жазаларын қолдану ұсынылды.
Соңғы болып Жамбыл аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы А.Дәрбаевтің ісі талқыланды. Ол “В.П.Турнов” шаруа қожалығынан аудан өкілдерінің спорт шараларына қатысуларын ұйымдастыру үшін ресми рәсімдеусіз қаржы алып, соңынан оны қайтарған. Бұл іс бойынша бөлім басшысына сөгіс жариялау туралы ұсыныс жасалды.
Жанат ЖҰМАБАЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі.