Елбасы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында ауқымды міндеттерді жүзеге асыруды көздейтін дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап өтті. Қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері, сондай-ақ, жаңа әлеуметтік саясат туралы нақты міндеттер жүктелді.
Мемлекетімізді түбегейлі жаңартуға бағыт ұстап отырған индустриялық-инновациялық бағдарлама жаңғыртулардың тетіктерінің бірі болуға тиіс. Қазір шикізат ресурстарына тәуелсіз экономика құрылуда, индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы өтуде. Сондықтан барлық салада бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігі туындады. Бәсекелестік саласындағы саясат туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс екенін айтқан болатын. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Ал біз бәсекеге қабілетті емес компанияларды мемлекет есебінен қаржыландыруға тиіс емеспіз. Бюджеттік шығыстарды үнемдеу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін белсенді қолдануымыз қажет.
Қазақстан Президенті қаржы секторын тұрақтандырудың бірнеше алғышартын атап өтті. Елбасы айтқандай, “Біріншіден, қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. “Долларсыздандыру” құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор”. Шағын және орта бизнес саласындағы әкімшілік кедергілерге шектеу қойылып, мемлекеттік басқарулар мен білім және денсаулық сақтау салалары жетілдірілетін болады. Елбасымыз барша қазақстандықтарға “көрпеге қарай көсіліп” өмір сүруіміз қажет, деді. Өте дұрыс айтылған тұжырым. Өйткені, жаһандық дағдарыс ықпалы жағдайында біз үшін бюджет саясатының дұрыс моделі болуы тиіс. Бұл шаралардың барлығы мемлекетімізді, қоғамды, экономикамызды нығайтатынына сенім зор.
Ал біздің саладағы мәселеге келер болсақ, Жолдауда мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау қажеттілігі айтылды. Бюджеттің кіріс базасы ұлғайтылып, 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына сатудан түсетін салық енгізілетін болады. Мұндай тетік “көлеңкелі экономиканы” жарыққа алып шығатынына біздің күмәніміз жоқ. Жеке кәсіпкерлер үшін патент, шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі енгізіледі.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы орайда бұл мақсатты жүзеге асыруда Президент “Мүлікті жария етуге байланысты Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына қол қойған болатын. Қазіргі таңда мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып, мүлікті заңдастыру тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Енді Қазақстан аумағында орналасқан және лайықты ретпен ресімделген мүлікті заңдастыру үшін тиісті декларацияны және соған рұқсат берілген құжаттарды мемлекеттік кірістер органдарына тапсыруға болады. Мұның шетелдегі мүліктерді жариялауға да қатысы бар. Басқаша айтқанда, мемлекеттік кірістер органдарындағы басы артық буын – комиссиялар жойылды. Ал жергілікті жерлердегі әкімдіктер жанындағы комиссиялар Қазақстан аумағында орналасқан және бұрындары лайықты ретпен ресімделмеген жылжымайтын мүліктерді жариялайды.
Субъектілерді заңдастырудың кепілдігі бойынша олар құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар тарапынан заңға қайшы әрекеттерден қорғалады. Мүлікті және ақшаны заңдастыру фактісін айғақ ретінде алып, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынған. Заңдастырылған мүлік тәркіленбейді.
Мүлікті заңдастыруға қатысты кез келген мәлімет салықтық әрі банктік құпия болып саналады. Заңдастыру тәртібі бойынша мүлікті заңдастыру комиссиясының, мемлекеттік кірістер ұйымының, екінші деңгейлі банк қызметкерлері мен “Қазпочта” бөлімшелерінің өкілдерінің қандай да бір ақпарат таратуға құқығы жоқ. Егер ақпарат таратылатын болса, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы ретте Мемлекет басшысы жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеу қажет екенін айтты. Бұл іс-шара аяқталғаннан кейін бүкіл әлемде шетелдік банк шоттары бойынша барлық ақпарат қайтадан айқындалады. Бұл заң, ең алдымен, шетелдегі шоттар жөніндегі ақпаратты жасырғаны үшін әкімшілік жазаны күшейтуді талап етеді. Екіншіден, шетелдегі мүлікті міндетті түрде декларациялау жүзеге асырылады.
Кірістер мен шығыстарға жалпыға ортақ салық салу индустрияландыру мен экономикалық өсімде күтіліп отырған көптеген жаңа реформаларға кіреді. Атап айтқанда, 2017 жылы бірінші кезеңде жариялау жүйесіне тұрғындардың барынша түсінігі бар буынның – депутаттарды, судьяларды, мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ, олардың зайыптарын тарту ұсынылып отыр. Ал 2020 жылы декларацияның жалпыға бірдей екінші кезеңінде халықтың өзге санын тарту көзделуде. Жаппай декларациялау бойынша Қазақстанда азаматтар шоттарындағы ақшалай қаражаттарын жария етуі тиіс. Осыдан кейін шоттар мен активтерді ашу үшін олардың қайдан шыққанын анықтау жөнінде нақты шаралар қолға алынатын болады.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жас азаматтарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырғанын ерекше атап өткен жөн. Кезінде жұмысшы киімін киген Елбасымыз қоғамда еңбек адамының беделін арттыру қажет екенін атап өтті. Ол үшін қарапайым жұмысшы еңбегін бағалауды үйреніп, еңбек адамы мен жұмысшы мамандығына құрмет көрсетілуге тиіс. Әрқашан шеберлікті шыңдап, кәсіби біліктілікті арттыру қажет. Еңбек ету арқылы әрқайсымыз сәттілікке қол жеткізіп қоймай, еліміздің дамуына да үлес қосатынымызды естен шығармауымыз керек.
Экономикалық тәуекелдерге қарамастан, еліміз халықты әлеуметтік қолдау шараларына әр кез көңіл бөлуді естен шығарған емес. Жаңа жылдан бастап “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілер мен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы да көбейетіні көңілге қуаныш ұялатты. Әлеуметтік жәрдемақы мен шәкіртақының да өсетіні қазақстандықтарға тың серпін беруде.
Данияр ЖАНАЛИНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер
департаментінің басшысы.