Әр жылдары аққайыңдар өлкесінде зіл сүйектері табылғандықтан, ертеде өмір сүрген осы бір тіршілік иесі жайлы ақпарат ғалымдарға ғана емес, қарапайым тұрғындарға да қызық. Себебі «Зіл деген қандай жануар?» деген сауал әрқайсымызды мазалайтыны анық.
Зіл (мамонт) – Еуразия мен Солтүстік Америкада плейстоценнің екінші жартысында өмір сүрген пілдің бір түрі. Оның бойы 5,5 метрді, салмағы 12 тоннаны құраған. Азу тістерінің ұзындығы 4-4,5 метрге жеткен. Бұл – бізде ғана емес, әлем елдерінде табылған зіл сүйектері арқылы жасалынған сипаттама.
Біздің өңірде зіл сүйектері бірнеше жерден табылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне бас сұққан меймандар палеонтология залында тұрған зілдің сүйектеріне таңданыспен қарайды. «1926 жылғы 15-қыркүйекте Көкшетау маңындағы «Степняк» алтын кенішінен зілдің сүйегі табылып, мұражайға жеткізілген. Оған қоса археологиялық құны қымбат басқа да заттар әкелінген. Оларды қазу және жеткізу ақысы төленген. Мамонттың сүйегін тапқан Көкшетау оязының Капитановка ауылының мұжығы екені көрсетілген», – деп М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, облысымыздың құрметті азаматы Зарқын Тайшыбай өзінің «Өлкетану ісінің қалыптасуы» атты ғылыми еңбегінде жазған. Бұған қарап еліміздің солтүстігінде кезінде неше түрлі жануардың тіршілік еткенін болжауға болатындай. «Алып жануардың сүйектері Қызылжар өңірінде 1923 жылы табылып, әлем бойынша құнды экспонаттардың біріне жатқызылған. Оны ғалым Н.Кузнецов жетекшілік еткен экспедиция мүшелері Есіл өзенінің су шайып кеткен жағалауынан кезіктіріпті. Азу тістерінің ұзындығы 4,5 метрге дейін жетсе, салмағы 100 кило тартқан», – делінген деректерді де кезіктіреміз.
Мұражайдың археология залында зілдің тісінен жасалған кетпен бар. Музейдің экскурсия жүргізушісі Дильназ Хайырболдының айтуынша, бұл жәдігерді 1940 жылдардың басында Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылының тұрғындары құдық қазған кезде 18 метрлік тереңдіктен тауып алған. Кейін музей қызметкерлеріне табыстаған. Археологтар аталмыш жәдігерді ежелгі адамдар жер қазатын құрал ретінде пайдаланғанын айтады. 1960 жылы Есіл ауданындағы Ясновка ауылының маңынан зілдің қаңқасы табылып, палеозоологтар қазып алған. Табылған жануардың сүйегін «Ясновка пілі» деп атап кеткен.
Қазақстанның құрметті журналисті Өмір Есқали 2018 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Мамонттар мекені» мақаласында қала тұрғыны Александр Ремшовтың сылдырай ағып жатқан Есіл өзеніне балық аулауға барғанда су арнасынан төменірек жерде таңғажайып олжаға кенелгенін жазған. Оған ежелгі дәуірде тіршілік еткен алып жануардың ортан жілігі мен мойын омыртқасы деген болжам жасалынған. Ал Тайынша ауданына қарасты Зеленый Гай ауылының тұрғыны Әнуар Қабылжапаров мал бағып жүріп, тереңдігі 12 метр сайдан жердің бетіне шығып қалған сүйектерді көрген. Ол осыдан 30-35 мың жыл бұрын жойылып кеткен мамонттың омыртқасы, қабырғалары, азу тісі және жілігі екені жорамалданған.
Шал ақын ауданының тарихи-өлкетану музейінде де зілдің сүйектері сақталған. Музей директоры Маржан Таушарованың айтуынша, бір тісінің салмағы 6,5 келі.
«Бұл ерекше олжаны 1970 жылы Астаған ауылының маңынан бұрынғы МАИ-дың басшысы Перятин мырза тауып, аудандық музейге тапсырған. Осы кезден бастап музейдің ең құнды экспонаттарының біріне айналды», – дейді Маржан Таушарова. Ал салмағы 17 келі болатын мамонт мүйізінің үштен бірі 1986 жылы көктемгі су тасқынынан кейін Жаңажол ауылының маңындағы өзен жағалауынан табылған. Ауылдың оқушылары жағада жатқан ерекше сүйекке ұқсас затты байқап қалып, оны мұғалімдеріне көрсетеді. Мұғалімдер табылған затты музейге жеткізіп, кейін Алматы қаласындағы археологиялық институтқа зерттеуге жіберген. Ғылыми зерттеу нәтижесінде бұл шынымен де зіл мүйізінің бір бөлігі екендігі дәлелденген.
Биылғы жылдың қыркүйек айында Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғыны Әсет Шайкин таңғы мезгілде балық аулауға бара жатып, жердің бетіне шығып қалған ұзындығы 1 метрлік сүйекті тапқан болатын. Сол кезде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаков облыс аумағында мамонттан бөлек мүйізтұмсық, бизон сүйектері де кездесетінін, бұл жануарлардың барлығы жоғары палеолит дәуіріне жататынын айтқан еді.
10 мың жыл бұрын өмір сүрген жануардың жер бетінен жоғалып кетуіне ежелгі дәуір адамдарының жаппай аулауы да себеп болуы мүмкін.
Бұл жануардың суреттері үш қаланың елтаңбасында бейнеленген. Олардың екеуі Якутияда, біреуі Германияда орналасқан. Жануардың еркегін – зілқара, ұрғашысын – зілмауыт деп атаған. Халқымыздың ұлдарына Зілқара деген есімді неге қойғанын енді түсінгендейміз. Зілқара есімінің мағынасына үңілсеңіз, «Ұрпағым асыл текті, ірі болсын!» деген ақ тілек жатқанын байқайсыз.
Теріскейде зілдер салған із сайрап жатқанын археологиялық қазбалар талай мәрте дәлелдеген. Бірақ арнайы зерттеу орындары болмағандықтан, жер астынан табылған олжаларға жалпылама сипаттама берумен шектеліп жүргеніміз анық. Бір өкініштісі, сараптамалық жұмыстар жүргізу былай тұрсын, жәдігерлерді сақтаудың қарапайым шарттары да ескеріле бермейді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».