
Сейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің міндетін уақытша атқарушы Адомас Давалганы қабылдап, өңірдің инвестициялық әлеуеті жайлы келелі әңгіме қозғады.
– Батыс пен шығыстың айлақтарын байланыстыратын, Еуропа мен Азияға жол ашатын Транссібір бағытындағы ірі темір жол торабы сіздер ат басын тіреген Петропавл қаласынан бастау алады. Біздің Солтүстік Қазақстан облысы – республика астығының үштен бірін өндіретін аграрлы өңір. Сонымен бірге өнеркәсіп те экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде дәнді және майлы дақылдарды ұқсатуға, астықты тереңдетіп өңдеуге, сүт және ет өнімдеріне басымдық беріледі. Өнеркәсіп өндірісі, шикізат көздері, дәнді дақылдардың жоғары және тұрақты өнімі облыстың бәсекеге қабілеттілігін танытады. Біздің өңір жоғары инвестициялық әлеуетке ие. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға арналған екі жақты және жемісті ынтымақтастық орнату жөніндегі ұсыныстарды қолдауға әрдайым әзірміз, – дей келіп, кездесуді ашқан Ерік Хамзаұлы шетелдік қонақтардың Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қызметімен танысқанынан, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездескенінен хабардар екенін жеткізді.
Өз кезегінде Адомас Давалга елшілікте Петропавл қаласы мен облыс жайлы мол мағлұмат алғанын, іссапардың басты мақсаты өңір басшысымен және Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысу екендігін атап айтты.
Әңгіме барысында бизнес өкілдерінің кездесуін ұйымдастыру, өңірлік инвестициялық шараларға қатысу мәселелері де сөз болды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.