«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ АРТҚАН

 

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен өткен әкімдік отырысында үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды. 

Баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда тұрғын үй құрылысы – 16,4, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 10, бөлшек сауда – 3,4, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі – 2,6 және өндіріс 1,5 пайызға ұлғайған.

Жалпы өңірлік өнім 2,6 пайызға өсіп, өсімдік шаруашылығы көлемінің артуы есебінен 509,5 млрд. теңгеге жеткен. Марат Иманбайұлы атап өткендей, тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде Уәлиханов және Ақжар аудандары жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
Құмар Ақсақалов сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша жүзеге асырылғалы отырған төрт жоба бойынша жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, ол тиісті басшыларға келесі жылдан бастап пайдалануға берілетін сүт фермаларының да уақытында пайдалануға берілуін назарда ұстауды айтты. “Ауыл шаруашылығы саласы бойынша біздің өңірге инвесторларды тартуға қомақты қаражат құйылды. Біз олармен байланысымызды нығайтып, әрбір жобаны соңына дейін жеткізуіміз керек. Бүгінде инвесторлармен жұмыс істеуге ешқандай кедергі жоқ, – деді Құмар Ақсақалов. Сондай-ақ, өңір басшысы кейбір жобалар бойынша тапсырманы уақытында орындай алмай жатқан құрылыс фирмаларының жұмысын сынға алды. Қалай дегенмен де, жоспардың орындалуына ең бірінші кезекте аудан әкімдері жауапты. Сондықтан аймақ басшысы өткен 9 ай бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп, жоспарды уақытында орындамағандар жауап беретінін ескертті.
Үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша облыс бюджеті 5 406,4 млн. теңгеге асыра орындалған. Дегенмен де, төрт басқарма 478,3 млн. теңге қазына қаржысын игермеген. Жиын барысында бұл мәселе бойынша да жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp