«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУДЫҢ БІРІНШІ БЕСЖЫЛДЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

25 желтоқсан күні Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір өтті. Онда дәстүрге сай еліміздің әр өңірінде Елбасының өзі тұсауын кескен жаңа кәсіпорындар өз жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, Президенттің “Алтын сапа” және “Парыз” сыйлықтарының лауреаттары марапатталды. Айтулы оқиғаға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Биылғы жылы Елбасының сапа жөніндегі “Алтын сапа” жүлдесін анықтайтын байқауда 293 компания бақ сынады. Олардың негізгі бөлігін орта кәсіпкерлік субъектілері – 127 кәсіпорын, шағын кәсіпорын субъектілері – 101 кәсіпорын және ірі кәсіпорын субъектілері 65 кәсіпорын құрады.

Ал “Парыз” байқауына қатысуға 584 кәсіпорын өтінім берген. Бұл конкурс өткізіле бастағаннан бері 2,5 мың шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындары қатысқан. Субъектілердің басым саны “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын” аталымы бойынша болып отыр. Осы аталымға 261 кәсіпорын өтінім берген. “Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын” жаңа аталымына 98 кәсіпорын қатысқан. “Үздік ұжымдық шарт” аталымына 114 кәсіпорын өтінім берсе, “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымы бойынша 111 өтінім түсіпті.

Сонымен қатар, “Қазақстанның үздік тауары” республикалық байқау-көрмесіне тоқталар болсақ, оған 153 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Байқау нәтижесіне сәйкес “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Халыққа арналған үздік тауарлар” аталымдары және “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымы тағайындалды. Әр аталымда І, ІІ, ІІІ дәрежелі үш дипломанттан болды.

“Алтын сапа” байқауы бойынша да 9 сыйлық бар екен. Олар “Өндіріске үздік өнім дайындаушы кәсіпорын”, “Халыққа үздік өнім шығарушы кәсіпорын”, “Үздік қызмет көрсетуші кәсіпорын” аталымдары бойынша тапсырылды.

Тәуелсіздік сарайында Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жаңа жобаларды іске қосу басталды. Осы шара барысында еліміздің индустриялық саясатының алғашқы бесжылдығының нәтижелері алдын ала қорытындыланды.

Үкімет жылына екі рет жартыжылдықтардың қорытындылары бойынша телекөпір түрінде ҮИИДБ шеңберінде атқарылған жұмыстарға есеп береді. Биылғы жылы индустриялық саясаттың алғашқы бесжылдығы аяқталады. Сондықтан бұл жолғы телекөпір тек Индустрияландыру картасының 2014 жылдың 2-ші жартыжылдығындағы инвестициялық жобаларының пайдалануға берілген тұсаукесерлеріне ғана емес, сонымен қатар бесжылдықтың алдын ала қорытындыларына да арналды. Жалпы биылғы екінші жартыжылдықта іске қосылып отырған 15 жобаны қоса есептегенде, үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасы бойынша 150 жаңа жоба іске асырылды.

Солтүстік Қазақстан облысы бұл күнгі шараға екі жобамен қатысты.

Біріншісі – “Мұнаймаш” АҚ-да 2012 жылы “Өнімділік – 2020” бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған құны 1,39 млрд. теңгенің “Мұнай өнеркәсібінің механикалық өңдеу өндірісі жабдықтарын жаңғырту” жобасы. Бұл ТМД елдерінде теңдесі жоқ бірегей инновациялық жоба болып саналады. Зауыттың жаңадан жабдықталған цехына Жапонияның заманауи “Nakamura – Tome” қондырғылары орнатылған. Соның нәтижесінде 2012 жылдың аяғында өндіріс көлемі 1,4 есе артып, 2,4 млрд. теңгені құрады. Өндіріс орны бұл күндері толық қуатында жұмыс істейді, яғни бір жылда 7500 ұңғылық штангалық сорғы және оларға қосымша қорғаныс қондырғыларын шығарады. Үстіміздегі жылдың 11 айында бір жұмыскердің өндірген өнімі 2012 жылмен салыстырғанда 1,4 есе артып, 18 млн. теңге болды. Зауытта 155 адам еңбек етеді. Олардың айлық еңбекақысы осы жылдары 1,2 есе өсіп, 145 мың теңгеге дейін жетті.

Телекөпірде өз кезегінде сөз алған “Мұнаймаш” АҚ басқармасының төрағасы Сергей Григоренко:

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған “Өнімділік – 2020” бағдарламасы Сіздің тапсырмаңыз бойынша әзірленді. Аталмыш жобаны алғашқылардың бірі болып өзіміздің өндіріс орнымызда жүзеге асырдық. Нәтижесінде станок паркін толығымен жаңғырттық, соның арқасында еңбек өнімділігі үш есе артты, шығаратын өнімдеріміздің сапасы жақсарды. Өнімдерімізбен экспортқа да шығып отырмыз,– деді.

Бұл күні Елбасының рұқсатымен іске қосылған кәсіпорын – Есіл ауданындағы Павел Джулай басқаратын “Әулие Голд Майнинг” ЖШС-нің Бұлақ ауылы маңындағы өндірістік алтын кеніші. Жобаның құны – 2 775 млн. теңге. Ол 100 пайыз компания есебінен қаржыландырылады. Жобаның қуаттылығы: 2014 жылы – 130 мың тонна кен, 2015 жылы – 260 мың тонна, 2016-2023 жылдары – жыл сайын 600 мың тонна. Алтын кеніші құрылысында – 180 адам, пайдалануға берілгенде 250 адам еңбек етеді. Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар Семей, Қарағанды, Өскемен және Петропавл қалаларының кәсіпорындарында жасалған.

Жобаның екінші кезеңі бірінші кезеңді жүзеге асыру барысында жүргізілетін барлау және іздестіру жұмыстарының нәтижесіне қарай анықталады.

Бұлақ ауылы маңындағы кәсіпорынның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

– Бүгін “Әулие” кен орнында құрамында алтын бар кенді өндіріп, өңдейтін кен байыту кешенін іске қосамыз. Осында, ауылдық жерде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жер қойнауы туралы заңнамасы жетілдіріліп, өңдеу мен геологиялық барлауға инвестиция ағылуына барлық жағдай жасап отырған Қазақстандағы бірінші жобамыз емес. Жобаны іске қосу Солтүстік Қазақстан облысында түсті металлургияның дамуына жол ашады. Өнеркәсіптік өндірісті бастауға рұқсат беруіңізді сұраймын”, – деді ресейлік инвестор, “Әулие Голд Майнинг” ЖШС-нің директоры Павел Джулай. Өз кезегінде Елбасы олардың жұмысына сәттілік тілей отырып, кешеннің жұмысын бастауға рұқсат берді.

Сонымен, Есіл ауданының Бұлақ ауылы маңындағы “Әулие” кен орнында құрамында алтын бар шикізат өндіретін кәсіпорын іске қосылды.

Телекөпірдің соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Президент алдымен телекөпірге қатысушыларды Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдықтағы жетістіктерімен құттықтап, шараның ел үшін, ел экономикасы үшін айрықша маңыздылығын атап айтты. “Өткен бес жыл ішіндегі индустрияландырудың сипаты бәрімізге айқын. Біз әр уақытта Қазақстан бай, жер қойнауында темір де, көмір де, мұнай да, газ да, алтын, күміс, мырыш та бар деп жүрдік. Алайда, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты. Неше жылдардан бері мен осыны айтып келдім, ал қазір біз сыртта жасап жатқан байлықты елімізге әкелуге бет бұрдық. Бұл – Тәуелсіздікті жариялап қана қоймай, оны ұстап қалумен бірдей қиын шаруа. Себебі, бізде өндіріс болған жоқ. Басқа мемлекеттерде болды. Кеңес Одағының басқа республикаларында болды. Бүгінде біз осының орнын толтырып жатырмыз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте Елбасы мұндай шаруаның аса күрделі екенін, өйткені, жаңа технологиясын да, жақсы қондырғысын да шетелдіктер оңай бере салмайтынын тілге тиек етті. Оның бәрін өзіміз жасауымыз керек, табуымыз керек, еңбектенуіміз керек. “Дағдарыс заманында, қиын-қыстау кезеңде мұнай мен газ секілді басқа да сыртқа шығарып жатқан шикізатқа бағалар құлдырауда. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнайдың бағасы 120 доллардан 60 долларға түсті, газ да солай болатын болды. Ал сол шикізаттың барлығын өз ішімізде өңдейтін болсақ, мұртымызды балта шаппас еді”, – деді Президент.

“Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына – бұл индустрия мен инновация”, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындыларына тоқтала келе, кейбір тұстарда кемшіліктер де орын алғанын, дегенмен, ең бастысы, елімізде аса күрделі жұмысқа қадам жасалғанын айрықша атап өтті. “Біз инновациялық-индустриялық секторды тақыр жерден бастадық. Сол бүгінгі күні жоғары өнімнің жетістіктерін бере бастады. Біз бүгінгі күні іске қосқандарымыздың өзі ел бюджетіне триллиондаған теңгенің өнімдерін қайтарып беріп жатыр, құрылған жұмыс орындары ел игілігіне қызмет етуде. Мәселен, бүгінгі “Парыз” сыйлығы конкурсанттарының өздері 150 млрд. теңгенің 440 әлеуметтік жобасын жүзеге асырды”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Индустриялық-инновациялық сектор үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Елбасының айтуынша, “Алтын сапа” сыйлығы тағайындалған 9 жылдың ішінде оның қатысушыларының жалпы саны 6 есеге артып, бастапқы 52-ден 300-ге жеткен.

“Біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап отырмыз. Мұның бәрі елдің еңбегімен, бизнестегі “командирлердің” жігерімен, осыған жағдай жасап жатқан барлық атқарушы билік өкілдерімен жүзеге асып жатыр. Бесжылдық нәтижесінде біз экономикамыздың құрылымын өзгертуде маңызды қадам жасадық. Шындығында, экономиканы әртараптандыру сөзбен емес, іспен шешіледі. Бұл – жеткен жетістіктердің барлығы еңбек адамдарының арқасында, олардың жұмыла жүріп атқарған жұмысының, ерен еңбектерінің нәтижесі. Біз өңдеуші өнеркәсіптің өсім қарқыны дәстүрлі өндіру саласынан асатын деңгейге тұңғыш рет қол жеткізіп отырмыз”, – деді Елбасы. Президенттің келтірген мәліметтеріне қарағанда, бес жыл ішінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызын дерлік бірінші бесжылдықта алды. Барлығы 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жұмысшылары жоғары білікті, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асты.

Мемлекет басшысы өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артқанын, әрбір жұмысшы жыл сайын орташа алғанда 20 мың доллардан артық өнім шығаратынын да атап өтті.

Елбасы индустрияландыру аясында инфрақұрылым базасы кеңейгенін, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым темір жолдар салынып, жаңғыртылғанын жеткізді. Соңғы бірнеше жыл ішінде әлемнің ешбір елінде тура осындай ұзын көлік күре жолдары салынбаған екен. Президенттің айтуынша, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласында теміржол вагондарын шығару – 10 есе, дизельдік локомотивтер 2,5 есе артқан. Осы бес жыл ішінде отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару – 12 есе, тракторлар 6 есеге көбейген. Ал мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есе өскен.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы фармацевтика саласы да қарқынды дамып отырғанын жеткізді. Бұл ретте Елбасы Қазақстанға 800 млн. долларға әлемнің әр түкпірінен дәрілер әкелінетіні туралы мәселе көтерілгенін еске салып, сол тұста дәрі-дәрмектің кемінде 50 пайызын мемлекетте өндіру тапсырмасы жүктелгеніне тоқталды. “Міне, осы уақыт ішінде медициналық, фармацевтикалық өнімдер түрі 500 бірлікке артты. Ал шығарылатын өнімдер үш есе көбейді. Яғни, мен жүктеген тапсырма қазірдің өзінде 50 пайызға орындалып отыр, осыны жалғастыру керек”, – деді Президент.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласы да жоспарлы түрде дамып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, агроқұрылымда 2010 жылмен салыстырғанда қара мал басының саны 50 пайызға артқан. Ал өнеркәсіп жылыжайларының алаңы осы жылдар ішінде 3 есе өскен. “Бүгінгі күні қаражат салып, ауыл шаруашылығының өнімін өндіруді қолдау арқасында біздің ішкі нарығымыз өзіміздің өніммен 80 пайызға дейін қамтамасыз етіліп отыр. Біз биылғы жылы мал шаруашылығы өнімдерін алғаш рет экспорттауды бастадық, оның көлемі 6 мың тоннаны құрады. Бүгінгі жағдайда бұл – аса маңызды көрсеткіш. Біз өзімізді азық-түліктің негізгі түрлерімен қамтамасыз ете аламыз: етпен, сүтпен, нан өнімдерімен, бұйырса, жеміс-жидектермен де толық қамтимыз. Ең бастысы, бізде энергия тасымалдау, отын – бәрі бар. Өсімдік майын шетелден әкелетінбіз, қазір өзімізден шығады. Етті де сырттан таситынбыз, қазір өзіміз өндіріп жатырмыз. Бүгінде құс етін сатып аламыз, оны да жабуға болады. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Өзіміз-ақ өмір сүре аламыз. Міне, бұл – біздің тәуелсіздігіміздің басты қағидаты. Осы негізгі көрсеткіштер бұдан әрі орнықтылана түссе, бізге еш алаңдаудың қажеті болмай қалады. Біз бұл дағдарысты да лайықты еңсереміз. Түйіндей айтсақ, бірінші кезекте тұтыну тауарларының барлығы елімізде толығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Отандық өнімдер өзімізде шығарылып, өзімізде сатылса, біз импортқа да тәуелді болмаймыз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

“Жаһандық дағдарыс кезеңі масылдардың уақыты емес. Біз – еңбекшіл елміз. Біздің міндетіміз халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады. Мен еңбегімен дараланған жұмысшылар мен шаруаларға ғана арналған, үш дәрежеден тұратын арнайы “Еңбек Даңқы” орденін тағайындауға шешім қабылдадым”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте Елбасы үш дәрежелі орденге ие болғандар “Еңбек Ері” атағымен теңесетінін жеткізді. “Бұл орден шаруаларға, еңбек адамдарына, жұмысшылар әулетіне берілетін болады. Өйткені, бәрі сонда қалыптасады, бәрі осындай ортада жасалады. Сондықтан да еңбек адамын көкке көтеру керек. Бүкіл әлем еңбек адамының, жұмысшының арқасында күн көреді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев ең дамыған 30 елдің қатарына ұмтылушы мемлекет ретінде Қазақстанға әлеуметтік сын-қатерлерге төтеп беру керек болатынын жеткізді. “Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керек. Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық өсім дегеніміз – жұмыс орындарының өнімділігін көтеру”, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті “Алтын сапа” және “Парыз” ұлттық байқауларының барлық қатысушыларын құттықтап, олар патриотизмнің арта түскенін, Қазақстан бизнесінің табысын, келешегі бар екенін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының “Алтын сапа” жүлдесі пайда мұндай зор атаққа 51 компания ие болды. “Қазақстанның үздік тауары” байқау-көрмесі өткелі бері республикалық деңгейде 97 дипломант анықталды.

“Тек “Парыз” жүлдесі байқауына қатысушылардың өзі жалпы сомасы 152 миллиард теңге болатын 440 әлеуметтік жобаны іске асырды. “Алтын сапа” жүлдесі тағайындалған күннен бергі небәрі 9 жылда байқауға қатысушылардың жалпы саны 6 есе өсті. Бүгінде ұлттық байқаулардың барлық жеңімпаздары мен қатысушылары, жаңа кәсіпорындардың құрылысшылары мен еңбек ұжымдары – нағыз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының алғашқы қарлығаштары”, – деді Мемлекет басшысы сөзінің қорытындысында.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp