
Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған Индустрияландыру күніне қатысты. Шара аясында Мемлекет басшысы жаңа айшықты жобалармен және отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен танысты, сондай-ақ, “Қазақстанда жасалған” атты көрмені аралап көрді. Жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасы мен “Нұрлы Жол” бағдарламасының бірқатар жобалары іске қосылды.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бірінші өнеркәсіптік бесжылдық кезінде шамамен 33 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, оның жартысы елді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына тиесілі болғанына назар аударды. Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін айтты. “Басымдығы бар алты сала анықталды, олар – мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр. Жаңа бағдарламада біз бірінші бесжылдықтың сабақтарын барынша ескеріп, жинақталған тәжірибені қолдануға тырыстық”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін түбегейлі жаңа – мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау сияқты секторларда отандық бизнесті дамытып, бәсекеге қабілетті өнім жасау және сыртқы нарықтарға шығу үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Осыған байланысты “Бәйтерек” холдингіне “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп “Ұлттық чемпиондар” жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тікелей елімізбен байланыстырылатын және оның халықаралық аренадағы имиджіне оң ықпал ететін өз брендімізді әзірлеудің маңыздылығын айтты.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің, Орталық Азияның, Қытайдың, Үндістан мен Иранның шекара маңындағы нарықтарына шығу үшін мейлінше ауқымды жұмыстарды бастаған жөн екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ға мүше болу экономикамыз үшін жаңа көкжиектерге жол ашатынына назар аударды. “Біздің міндетіміз – Қазақстан компанияларының жаңа жағдайға тезірек бейімделіп, ДСҰ-ға кіруден мейлінше пайда табуларына көмектесу”, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ игілігі үшін ұзақ мерзімге жалғасатын нәтижелерге бағытталған “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясатының айрықша маңыздылығын атап өтті. “Бізді ел ішінде 7 мың шақырым автожолдар салу және жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Алдағы 3 жылда бағдарлама мақсатына 20 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалады, оның үштен бірінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. Төрт жыл ішінде бағдарлама ІЖӨ өсімін 16 пайызға еселейді деп күтілуде. Қорытындысында 2019 жылға қарай біз ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақытты үш есе қысқартып, елдің біртұтас энергетикалық жүйесін қалыптастыруды және ең бастысы, бүкіл экономикамызды ортақ нарыққа біріктіруді көздеп отырмыз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті “Нұрлы Жол” бағдарламасы өнеркәсіпті және қызмет көрсету саласын жандандыруға да мүмкіндік беретінін айтты. “Бизнесімізге бағдарлама жобаларының жүзеге асырылуына толыққанды атсалысуға мүмкіндік беру үшін жергілікті құрамды күшейту қажет. Ол үшін керекті азық-түлік, жатын орын, техникалық сервис сияқты заманауи қызметтерді дамыту өз кезегінде еліміз арқылы өтетін бағыттардың тартымдылығы мен жайлылығын арттырады”, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын соңында Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық реформалар елімізді дамыта түсу үшін сапалық тұрғыдан жаңа жағдайлар жасауға бағытталып отырғанын айтты. “Отандық экономикамызда жекеменшік сектордың рөлін арттыру жолындағы мемлекеттің жүйелі қадамының бірі осы. Бұл ел азаматтарының тұрмысын жақсартуға да септігін тигізетін болады. Бүгін біз айтарлықтай нәтижелер бар екеніне көз жеткіздік. Ендігі міндетіміз – ел алдына қойылған маңызды міндеттерді іске асыру”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
“Akorda.kz”.