Астана қаласындағы өңірлік технопарк пен облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік” АҚ арқылы инновациялық гранттың 9 түрін алудың тәртібі мен тетігін түсіндіруге арналған семинар-кеңес болып өтті.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Лаура Қайыржанова ЖОО-ның ғалымдары “НАТР” АҚ арқылы инновациялық грант алуға құлшыныс білдірумен бірге, ғылыми жобаларды коммерцияландыру жайында пайдалы ақпарат алуға да мүдделі екендіктерін жеткізді. Қазіргі кезде университетте гранттық қаржыландыру аясында 12 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.
Астанадағы өңірлік технопарктің ақпаратына қарағанда, төрт жыл ішінде облысымызда бір жоба ғана грант алған. Сондықтан “НАТР”АҚ-ның құрылымдық бөлімшелері мен республикалық Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі инновациялық қызметті белсенді ете түсу мақсатында күш біріктіруге ниет білдіріп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
“НАТР” АҚ-ның құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері өңірдің кәсіпкерлерімен және ғалымдармен жобаны ойдағыдай сатуды ғана емес, инновациялық гранттардың 9 түрінің бірін қалай алуға болатындығы жайында ақпаратпен бөлісті.
(Өз тілшімізден).