«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ 80 КҮНІ” ШАРАСЫ АЯСЫНДА төрт өңірдің қатысуымен бейнекеңес өтті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қайрат Әбсаттаровтың төрағалығымен “Интеграцияның 80 күні” ақпараттық шарасын жүзеге асыруға арналған селекторлық режімде бейнекеңес өтті. Оған Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарлары және Кеден одағы мемлекеттерімен экономикалық интеграциялық байланыс орнатқан кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Қайрат Әбсаттаров Кеден одағының шағын және орта бизнес субъектілері үшін тиімді жағына тоқтала келіп, мамыр айының соңында Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылуы күтіліп отырғандығын айтты.

Бейнекеңес барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов экономикалық интеграцияның тиімді жақтарына тоқталды. Бүгінгі күні облыс 76 мемлекетпен өзара байланыс орнатқан. Солардың ішінде тауар айналымының төрттен үш бөлігі Кеден одағы мемлекеттеріне тиесілі. 2013 жылы жалпы тауар айналымы 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады, 2009 жылдан бері импорт 1,4 есе, экспорт 3,5 есе өсті. Соның нәтижесінде Кеден одағы елдерімен тауар балансындағы кері сальдо 91 пайыздан 80 пайызға дейін қысқарды. Облыс өнеркәсібінде экспорттаумен айналысатын кәсіпорындар саны 15 пайызға көбейді. Ұн экспорттау – 47, бидай экспорттау 5,2 есе өсті. Петропавл мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы қарым-қатынас жақсара түсуде. Омбы-Петропавл-Омбы электрпоезы, Түмен, Тобыл, Омбы, Ишим, Екатеринбург қалаларына автобус қатынайды. Соның нәтижесінде жолаушылар тасқыны 444 мыңнан 477 мың адамға дейін өсті.

ІІД Көші-қон полициясының мәліметі бойынша 2008-2010 жылдар аралығында облыста 179120 РФ азаматы, 706 Беларусь азаматы уақытша тіркелді. 2008-2011 жылдары облысқа РФ-дан 3 еңбек мигранты келсе, олардың қатарына 2012 жылы – 80, өткен жылы – 107 адам қосылды, биыл 11 ресейлік еңбек етіп жатыр. Беларусь Республикасынан ондай азаматтар тіркелген жоқ.

“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директоры Александр Кондратов өз тауарларын 2010 жылдан бері Қорған, Омбы, Новосібір облыстарына экспорттайтынын, ол 2012 жылғы 134,3 млн. теңгеден былтыр 209,3 млн. теңгеге жеткенін, сөйтіп, экспорттың үлесі 4,9 пайыздан 13,4 пайызға өскенін атап айтты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қайрат Әбсаттаров экономикалық интеграцияға байланысты өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp