Соңғы кездері әлемдік ғаламторды жақсы меңгерген алаяқтар пайда табу үшін неше түрлі жаңа айла-шарғылар ойлап табуда. Жуырда Петропавл қаласының тұрғыны Интернеттегі алдаудың шырмауына түсіп, 40 мың теңгесінен айырылған. «Youtube»-тегі бейнехостингтен облыс орталығының 43 жастағы тұрғыны әлеуметтік желілерде жеке деректердің таралғаны үшін ақшалай өтемақы алу туралы нұсқаулықты көреді. «Сіз 15 минут ішінде 50-ден 1500 долларға дейін аласыз, төлемдер 2020 жылғы 11-31 қыркүйек аралығында кез-келген карточкаға түседі, төлем ресейлік рубльмен жүзеге асырылады», – делінген сайтта. Олар өздерін жеке деректерді қорғау жөніндегі қорданбыз деп көрсеткен. Осы арнада жарияланған жаңалықтар бейнежазбасы, тіпті посттың астына орналастырылған пікірлер де шынайылық туғызған.
Сілтемедегі нұсқаулықтан өткеннен кейін петропавлдық қаражат түседі деп болжанған банк картасына өзінің деректемелерін енгізген. Біраз уақыттан кейін ол карточкасынан қаражат алынғанын анықтаған және бірден арызымен Петропавлдағы бірінші полиция бөліміне жүгінген. Жедел уәкілдердің айтуынша, бұл алаяқтықтың жаңа түрі техникалық жағынан мүлтіксіз орындалған. Қазір алаяқ іздестірілуде.
– Қандай жағдай болмасын, жеке деректеріңізбен немесе құпия мәліметтеріңізбен, оның ішінде банктік картаның пин-коды, шот нөмірі, әлеуметтік желілердегі парақтардың логині мен паролі, банктік картаның артында орналасқан «CVV/CVC»-кодты ешкіммен бөліспеңіз. «Olx», «Kolesa.kz» және «Instagram» сайттарындағы жарнамаларды нақтырақ тексеріп алыңыз. Егер сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған болса, онда жеке мәліметтеріңізді берудің орнына, банктің жақын жердегі бөлімшесіне барыңыз, – дейді облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов. Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 288 фактісі тіркелді.