«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кардиологиялық орталықта болып, жаңа құрал-жабдықтардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар коронавирус инфекциясымен күрес жүргізуде өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.

– Қазір облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 2779 науқас тіркелді.  Соның 1566-сы емделіп шықты. 64 мың тест тапсырылды. Бүгінде облыста жағдай тұрақты. Өткен аптада шектеу шаралары күшейтілді. Қазір науқастар санының азайғанын аңғарып отырмыз,  – дей келе өңір басшысы Құмар Ақсақалов шілде айының алғашқы күндері “Жедел жәрдемге” бір тәулікте 712 шақыру түскенін, қазір жұмыс жүктемесі 34 пайызға төмендегенін жеткізді. Жұқпалы індеттің шарықтау кезеңінде провизорлық және инфекциялық стационарлар күн сайын 200-ден астам науқасты қабылдауға мәжбүр болса, бүгінде медициналық ұйымдарға көмекке жүгінетіндердің саны үш есе азайған. Жағдайдың тұрақтануына байланысты өзге де науқастардың жоспарлы ем алуына ешқандай кедергі жоқ. Облыс әкімі өңірде коронавирус инфекциясымен күреске 1186 медициналық қызметкер жұмылдырылғанын, оларға тиісті үстемеақы төленгенін атап өтті. Бөлінген қаржы көлемі 568 миллион теңгені құрайды.

Сұхбат барысында Құмар Іргебайұлы өңірге жаңа инфекциялық аурухана қажет екенін айтты. 200 орындық заманауи инфекциялық аурухана салынатын орын анықталған, жаңа кешенді үстіміздегі жылдың қазан айында іске қосу жоспарлануда. Бұл аурухана барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болмақ.

Бүгінде емдеу мекемелерін медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Пандемияға дейін облыста 73 жасанды тыныс алу аппараты болса, төтенше жағдай кезінде қосымша 5 аппарат сатып алынды. Облыстық бюджет есебінен 24, Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысына 159 аппарат алу көзделуде. Сонымен қатар Түркиядан үш жасанды тыныс алу құрылғысы жеткізіліпті. Ауруханаларда 108 оттегі концентраты бар. Бұл аз. Сондықтан ауруханаларда оттегі станцияларын ашу қажеттілігі туындап отырғанын айтып өткен жөн.  Өңірдегі емдеу мекемелерінде бес компьютерлік томограф, 21 рентген аппараты бар. Келесі жылы қосымша екі компьютерлік томограф сатып алынады.

Әкімнің айтуынша, қазір тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Стационарларда екі аптаға жеткілікті дәрі қоры бар. Күн сайын олардың бағасы мен қолжетімділігіне мониторинг жүргізіледі. Сұранысқа ие дене қызуын түсіретін, вирус пен бактерияларға қарсы дәріден тапшылық жоқ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp