Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасында иіс базасы жинақталған. Бұл ерекше орында төрт мыңнан астам иіс сақталған. Жедел-криминалистикалық басқарма бастығы полиция полковнигі Игорь Семеновтің айтуынша, одорология – бұл иістерді зерттейтін ғылым. Оның медициналық, психологиялық, криминалистикалық бағыттары бар. Полицейлер негізінен соңғы түрімен жұмыс істейді. Облысымызда иістің деректер базасы 2009 жылдың басында құрылды. Қазіргі уақытта 4025 объекті жиналған. Иістерді сақтау қоры құрылғаннан бастап, оң нәтижелі 197 зерттеу жүргізілді. Бүгінде жедел-криминалистикалық басқармасда иттердің қатары күшіктермен толығуына байланысты, бұл зерттеулер уақытша өткізілмейді. Бұрынғы детектор иттер Голда мен Росси жас шамасына қарай бұл жұмыста қолданылмайды. Сондықтан қазіргі уақытта одорологиялық зертхананың базасында арнайы иттер – екі жасар орыс спаниелі Дэйзи және үш жасар неміс овчаркасы Альфаны үйрету бойынша сабақтар жүргізіліп жатыр. Иттерді криминалист, полиция капитаны Талғат Мусипов пен кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологі полиция кіші сержанты Николай Железнов үйретеді. Олар былтыр Алматы қаласындағы кинологиялық қызмет орталығында тағылымдамадан өтті. Иттер қабілеттерін көрсетіп, дағдыларын іс жүзінде қолдануға үйренсе, оларды бірден тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде биодетекторлар ретінде пайдалана бастайды.
Жыл басынан бері облыста арнайы және із алушы иттер 489 рет, оның ішінде есірткі қылмысы бойынша 163 рет қолданылды. Соның нәтижесінде төрт аяқты көмекшілер арқылы 323 кг.-нан астам түрлі есірткі заттары анықталды. Сондай-ақ, иттердің көмегімен облыс полицейлері жыл басынан 18 тонау мен 354 ұрлықты ашты.