Коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған 1962 жылғы ер адам Шал ақын аудандық ауруханасынан өз еркімен кетіп қалған. Карантиннен бас тартқан Сергеевка қаласының тұрғынын аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұстап, емдеу мекемесіне қайтарды. Аталған факті бойынша әкімшілік материал жиналды.
«Осымен ауданда карантин талаптарын сақтауға міндетті адамдар тарапынан екінші рет заң бұзушылық орын алды. Бұған дейін бір ауыл тұрғыны блок-бекет арқылы аудан орталығына өтуге әрекет жасады. Тексеру барысында оның үй карантинінде екені анықталды. Аудандық полицейлер блок-бекетті айналып өтпек болған тағы екі жүргізушінің жолын кесті. Олар «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылды», – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бейбіт Шәниев.
Тәртіп сақшылары шектеу шаралары қауіпті инфекцияның таралмауына бағытталғанын ескертеді.