Петропавлда қалаішілік қоғамдық көліктерде электронды карта арқылы есеп айырысу жүйесі іске қосылмақ. Аталмыш жаңалықтықты енгізу желтоқсан айына жоспарланған.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының орынбасары Бақыт Ілиясовтың айтуынша, барлық қоғамдық көліктерде арнайы құрылғы орнатылады. Жолаушылар электронды картаның көмегімен жолақысын төлейді. Картасы барларға жолақы құны ересектерге – 80, ал балаларға 40 теңгені болмақ. Егер қолма-қол есеп айырысатын болса, төлем 130 теңгені құрамақ.
Картаны алу үшін төрт жүз теңгені құрайтын бірреттік төлем жасау қажет. Кейін оны бірнеше жыл қолдануға болады. Жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін арнайы төлем құралы қазан айының соңынан бастап облыс орталығындағы көптеген сауда орындарында сатылатын болады. Ал картаға қаржы аудару үшін кез келген екінші деңгейлі банктің қызметіне жүгіну немесе кез келген терминал арқылы толтыру мүмкіндігі қарастырылған. Әкімдік өкілдері оны сатып алуда қиындықтар туындамайтынына сенімді.
Қазіргі уақытта қалалық әкімдік, жолаушы тасымалдаушылар және оператор – “Alempеy” компаниясымен үшжақты келісімшарт жасалған. Егер карта істен шығып, төлем жасалмай қалған жағдайда, жолаушы діттеген жеріне тегін жеткізіледі. Бүлінген картаны оператор өз есебінен қайта жасап береді. Төлем картамен есеп айырысу жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бүгінгі таңда электронды билеттендіру жүйесі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және бірнеше облыс орталығында қолданылуда. Аталмыш жоба қоғамдық көлік қызметін жақсартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қалалық бюджет түсімдерін арттырады деп күтілуде.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.