
Шайбалы хоккейден «Pro Hokei Ligasy» ел біріншілігінің кезекті сындарында жергілікті «Qulager» командасы өз алаңында елордалық «Nomad»-ты қабылдады.
Петропавл қаласында өткен кездесудің алғашқы ойынында елордалықтар есеп ашты. Үш минут өтер-өтпес уақытта Илья Ахметов таразы басын теңестірсе, Вячеслав Крашенинин қарсылас қақпасына екінші шайбаны салды. Алайда, бұдан кейін қақпашымыз Андрей Янков екі шайбаны өткізіп алды. 54-минутта петропавлдық Михаил Попов есепті теңестіргендіктен, овертайм жарияланып, нәтижесінде Федор Хорошевтің дәл соққысы жерлестерімізді жеңіске жеткізді. Есеп – 4:3.
Келесі күнгі қарымта ойында қарсыластар үстемдік етті. Дәлірек айтқанда, ойын бастала сала қақпамызға қатарынан үш шайба салып, жерлестеріміздің жігерін құм қылды. 55-минутта Станислав Логинов есеп айырмасын қысқартқанымен, елордалықтар төрешінің ақтық ысқырығына дейін төртінші шайбаны тоғытып үлгерді. Осылайша, екі ойынның бірінде жеңілген жерлестеріміз турнир кестесінде бесінші орнында қалды.
22-23 қараша күндері жерлестеріміз қарағандылық «Saryarqa» командасымен тартысқа түседі.