Еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа кезеңі басталып, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Үш мемлекеттің бірнеше жыл бойы саралап, жоспарлап дайындаған құжатының келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізілуі Еуропа мен Азия елдері үшін экономикалық байланыстың жаңа, тарихи кезеңі деп білемін.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл қадам үш мемлекеттің экономикалық әлеуетін жақсартып, халықтың өсіп-өркендеуіне үлкен серпін беретін, күш тудыратын іс-қимыл екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, ол экономикалық интеграцияның іс жүзіне асуы қазірдің өзінде оң нәтиже бергенін айтты. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларға жеткен. Ал Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд. доллар болған. Бұл – үш елдің кәсіпкерлері, кәсіпорындары мен компаниялары арасындағы серіктестіктің нәтижесі.
Біз Ресеймен жақсы байланыс қалыптастырған кәсіпорынбыз. Өткен жылдан бастап Өзбекстан елімен қарым-қатынас орнатуды қолға алдық. “Лукойл” компаниясының Өзбекстандағы өкілдігімен шарт жасадық. Түрікменстанмен де келіссөз жүргізіп, іскерлік ынтымақтастықтың алғышарттарын жасап алдық. Тауардың сатылу географиясын кеңейту барлық бизнес ортасы үшін басты мақсат. Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тауып отыр.
Енді, міне, Ресей, Беларусь мемлекеттерімен бірге Армения мен Қырғызстан елдері еуразиялық ықпалдастық үдерісіне қосылуға ниет білдіріп отырғандығы, болашақта қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдермен ынтымақтастығын нығайтып, іскерлік қарым-қатынас тынысын кеңейтетіні сөзсіз.
Ескендір МУСИН,
“Қазмұнайгазмаш”АҚ бас директоры.