«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒАСЫН КӨҢІЛГЕ ТҮЙДІК

Көп жылдардан бері орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүргендіктен, әр дәрісімді оқытуға мұқият даярланып, өзге ұлттар шәкірттерінің бойына халқымыздың ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы жайында барынша мол мағлұмат беруге тырысамын. Бұл орайда Абайдың туғанына 170 жыл толуына арнап, саяхат-сабақ өткізуді ұйғарған едім.

Ол үшін тоғызыншы сынып оқушыларымен ашық сабақ өткізуді қолға алдым. Көп жылғы жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, “Абай Құнанбаев – қазақтың бас ақыны” деген тақырыпты таңдадым.  

Сабақты қызықты әрі тартымды ұйымдастыру мақсатымен әртүрлі оңтайлы әдістерді қолдандым. Мысалы, сұрақ, талдау, өзіндік жұмыс, бақылау саяхат-сабақтың арқауы болды. Бұларды жүзеге асыруда көрнекілікке, кітаптар көрмесіне сүйендім, теледидарды пайдаландым және ұлттық аспаптардан домбыраны таңдадым. Осы ретте оқушыларыма Абайдың ақын ғана емес, сазгерлігін және әншілігін түсіндірдім.

Саяхат-сабақты “Абай ауылының” көрінісімен бастауды жөн көрдім. Алдымен осы бөлімде бұрынғы Семей облысының Абай туған Жидебай ауылының табиғатын көрсетіп, жер атауының жидеден алынғанын түсіндірдім. Бұл ретте ақынның әжесі Зере, әкесі Құнанбай, анасы Ұлжан және басқа бауырлары жайында әңгіме өрбіттім. Оның он екі жасынан өлең жазғанын және алғашқы жырын әжесі Зереге арнағанын оқушылар ортаға салды.

Ақынның табиғат лирикасына арналған “Күз”, “Қыс”, “Жаз”, “Жазғытұры” өлеңдері оқылды.

Оқушылардың ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына деген үлкен ынта-ықыласы көңілімнен шыққанын айтқым келеді. Соның бір дәлелі – “Көзімнің қарасы” әнін сынып жетекшісі Надежда Быкова бастап, оқушылардың қосылып шырқауы.

Абай бейнесінде Владимир Репин ойнады.

Үшінші – “Философ ауылы” аталған мекенде өткізілген саяхатқа ақынның жырларымен қатар, “Қара сөздері” арқау етілді. Дананың ғибратты сөздерін талқылап, бүгінгі өмір ерекшеліктерімен сабақтастырып саралауға ден қойдым. Оқушылар кемеңгердің 13-ші, 38-ші, 41-ші және 45-ші сөздерін оқып берді. Және де бұл ғибраттарда данышпан нені көксеп, қандай мәселелерге көңіл аударғанын түсіндірді.

Ал төртінші ауылда Абайдың орыс оқымыстыларымен қарым-қатынасы, Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың және басқаларының өлеңдерін аудару шеберлігі баяндалды.

Әрине, әріптестерім, үлгілі ұстаздар Н. Быкова, С. Морозова саяхат-сабақтың мазмұнды да тартымды өтуіне жәрдем жасады.

Ал мектеп директоры Талғат Ілиясов сабақтың оқушылардың ұлы ақынға деген үлкен құрметін айғақтап өткенін айтқаны бәрімізді одан әрі де ынталандыра түспек. Соның нәтижесінде Абай Құнанбаевтың ақын, сазгер, кемеңгер ойшыл, аудармашы екенін әрбір шәкіртім зердесіне ұялатты деп ойлаймын.

Бәтия НҰРЫШЕВА,

Искра орталау мектебінің мұғалімі.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp