«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕН ОРНЫНДАҒЫ ЖАППАЙ ТӨБЕЛЕС Кінәлілер жеті жылға дейін сотталуы мүмкін

Тайынша аудандық №2 со­тын­да биылғы жазда Обуховка ауы­лына жақын маң­дағы кен ор­нында болған жаппай төбелеске қатысты сот отырысы өтуде. Жур­налистер үшін сот барысынан он­лайн көрсетілім ұйым­дастырыл­ды.

Осыдан үш ай бұрын Тайын­ша ауда­нын­да­ғы “Тиолайн” се­ріктестігінде арты жап­пай төбе­лес­ке айналған даудың сал­да­рынан он адам түрлі дене жара­қатымен ауруханаға жеткізілген. Аталған бассыз­дық бойынша Ки­рилл Саверскийге, Мұхит Кеңес­байға, Ерболат Майдановқа, Сұл­тан Медеубаевқа, Айбек Бах­ты­баевқа, Дархан Жаппаровқа жә­не Қазбек Секеновке қа­тысты қылмыстық іс қозғалды. Ал күдік­ті­лер­дің қасақана әрекетінен зардап шек­кендердің қатарында серіктестік директо­ры Түрехан Алмасбаев, құрылтайшылар­дың бірі Данил Долгалев, бөлім бас­шысы Дмитрий Долгалев, қауіпсіздік қызметінің жұмысшысы Жан­болат Дондағұлов, Ер­нар Амансейітов бастаған жігіттер бар.

2004 жылы ашылған кәсіп­орын­ның бү­гін­де жеті бірдей құ­рылтайшысы бар. Олар­дың бі­реуі заңды тұлға ретінде тір­кел­се, қалғаны жеке тұлға ретінде жұмыс істейді. Айыптау актісіне көз салсақ, құрылтай­шы­лар кен ор­нынан түскен пайданы бөлі­се ал­маған көрінеді. Ымыраға келе ал­май­тынын байқаған “Тиолайн” се­рік­тестігі ди­ректорының орын­ба­­сары Кирилл Савер­ский жаны­на “Арғын” күзет компаниясы­ның қызметкерлерін, қарағандылық та­ныс­тарын шақырып алып, кен орнына ба­са көктеп кірмекші болған. Алайда, Данил Дол­галев оларға қарсы шығып, бұл бас­сыздыққа жол бермеуге тырыса­ды. Оған көнбеген Кирилл Са­верский қоршаудың жа­нында тұрған Данил Долгалевтың ба­сынан тепкен. Алған соққыдан кейін ол есең­гіреп, “қонақтардың” серіктестік аума­ғ­ына кіруіне ке­дергі келтіре алмаған. Ки­рилл Са­верский бастаған топ қоршаудан секіріп өтіп, жергілікті жұмыс­шылармен қатар серіктестікте өндірістік тәжірибеден өтуге кел­ген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универси­тетінің сту­денттері жүрген аумақ­қа басып кіреді. Се­ріктестікте лаборант болып жұмыс істейтін Наталья Мороздың қолынан бұл бассыз­дықты бейнежазбаға тү­сір­мек болған “Samsung А20″ мар­калы ұялы телефонын жұ­лып алып, лақтырып жібереді.

Бұзақылық мұнымен аяқтала қоймаған. Дмитрий Долгалевты кездестіріп, оны да соққының астына алған. Күдіктілердің бі­реуі жерде жатқан күректі алып, айнала­сын­дағыларды сонымен ұра баста­ған. Ауыр соққыға жы­ғылғандардың қа­тарында серік­тестік жұмысшысы Қайрат Қасы­мов та бар.

Жаппай төбелеске айналған жанжал жайлы хабар бірден жер­гілікті полиция бөліміне түскен. Аталған аумақта қырыққа жуық адамның алдымен жанжалда­сып, ке­йін жаға жыртысқаны тү­сірілген бей­нежаз­ба әлеуметтік же­ліде де лезде тарап кет­кен. Жа­рақат алғандар Тайынша ау­да­ны және Ақмола облысы дә­рігерлерінің көме­гіне жүгінді. Са­рапшылардың қорытынды­сына сәйкес Қайрат Қасымов бас­сүйектің жабық жарақатын алса, Данил мен Дмит­рий Долгалевтар ауыр жараланған.

Күдіктілер бұзақылық жасап, бірнеше адамның ауруханаға түсуіне себепкер бо­луымен қа­тар, Шоқан Уәлиханов атында­ғы Көкшетау мемлекеттік универ­ситеті сту­денттерінің оқу үрдісіне де кедергі келтір­ген. Қылмыстық іске қатысты алғашқы сот оты­ры­сында айыптау актісі оқылып, кү­дік­тілер жауап бере бастады. Бұл бассыз­ды­ғы үшін күдіктілер үш жылдан жеті жылға дейін бас бос­тандығынан айырылуы мүмкін.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp