Уәлиханов ауданындағы Ақбұлақ округі өсіп-өркендеп келе жатқан елді мекендердің бірі. Қоғам дамуынан қалыспай келе жатқан ауылда Қуанышбек Байбатыров отбасысының өнегесі көпке үлгі боларлық.
Байбатыровтар отбасы біздің Қызылжар өңіріне 1991 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан көшіп келген. Ол кезде Қуанышбек бір жастағы бала екен. Әкесі атажұрттың топырағына табан тіреген соң бес жылдан кейін 46 жасында өмірден озды. Ол туралы шешесі Кәдір Бәтекенқызы былайша сыр тарқатады:
– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қуғын-сүргіннің зардабын тартқан аталарымыз ұрпағының амандығын ойлап, басқа мемлекетке қоныс аударуға мәжбүр болған. Жас кезімде әкемнің атамекенге оралу мәселесі туралы жиі айтатынын еститінмін. Бірақ, олар өздері өмір сүрген заманның кереғар саясатынан, қолдарының қысқалығынан Қазақстанның ауасымен тыныстау туралы арманға жете алмады. Туған жеріміз, өскен еліміз басқа болса да, атажұртты аңсау сезімі қанымызға ана сүтімен бірге дарыған. Ержетіп, отау құрып, балалы-шағалы болсақ та, үлкендердің айтқан әңгімесін ұмытпай, солардың арманын жүзеге асыруға асықтық. Діттегеніміз орындалып, қуаныш сезімінің құшағында жүрген кезде жұбайым, шаңырағымның тірегі, балаларымның әкесі кенеттен бақилық болды. Оған қазақ жерінің топырағы бұйырғанына разы болудан басқа істер лажымыз жоқ. Маңдайына жазылған тағдыры солай болғаны да. Бүгінде балалардың өскенін, көркейгенін көріп, көңілім орныға түсуде. Кейбір қандастарым сөз арасында өздерінің қазақ топырағына оралғандарына көңілдері толмай жатады. Олардың қайсыбірі: “Тәуелсіздік маған не берді?” дегенде, тұла бойым шымырлап, ашуым келеді. Сол сәтте ол адамдарға: “Өз іс-әрекеттеріңе, өмір салттарыңа, қоғамға сіңірген еңбектерің қандай екеніне терең үңіліп қараңдар, содан кейін сөз таластырыңдар”, – дегім келеді. Сабыр түбі – сары алтын. Елбасымыз біз аңсаған атажұртты әлем танитын Қазақ еліне айналдырмақ. Еліміздің ертеңі нығыз болса, сол шырайлы көкжиекке сүйсіне қарағанның өзі бақыт емес пе?!
Әкеден ерте айрылған Қуанышбек әулетінің жағдайын жасау үшін еңбекке жастай араласты. Әкесінен қалған азын-аулақ малдың басын кемітпей, көбейтіп отырғанын көрген ауыл тұрғындары оның еңбекқорлығы мен жігеріне сүйсіне қарайды.
Біздің бір аңғарғанымыз, бұл отбасысының балалары жалғыз анасына ауыртпалық салмауға тырысып, бірі-бірін тартып, ел қатарына қосылуда. Қуанышбектің өзі жас та болса ағалық мейіріммен артынан ерген Еламанды қасынан тастамай, өз білгенін оның бойына сіңіруден жалықпайды. Олар осыдан екі жыл бұрын “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге несие алып, оған 30 бас ірі қара сатып алды. Сонымен қатар оның қорасында қой және жылқы да бар. Кәдір Бәтекенқызы келінімен бірге сиыр сауып, оның сүтінен ірімшік, құрт жасап, майын былғап, тауарларын аудан орталығындағы дүкендерге тасиды.
Аудан әкімі Аман Төрегелдин іскер жігітке қолдау көрсетіп, былтыр 1950 гектар шабындық жер берген болатын. Жас кәсіпкер биыл ол жердің бір бөлігін кепілдікке қойып, “МТЗ-82” тракторын шөп шабатын тіркемелерімен бірге лизингке алды. Биыл жаңа техникасын шөп жинауға шығарып, көңілі толған. Сондай-ақ, биыл техника тұратын қора салуды да қарқынды жүргізуде. Алдағы жылы игілігіне берілген жердің 400-500 гектарына дәнді дақылдар сеуіп, егіншілікпен айналысуды да көздеп отыр.
Қуанышбектің ақжарқындығы, адамгершілігі, еңбекқорлығы, бет алған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі – кез келген адамға дари бермейтін қасиеттер.
– Қиындықты жеңе білу – әкем мен шешемнің үйреткені. Отбасындағы балалардың бәрі қоғамнан өз орындарын табуда. Ағам Қайырымбек Астанадағы Еуразия университетін бітіріп, домбыра пәнінен сабақ берсе, інім Алтынбек телекоммуникация саласында қызмет атқарады. Қарындастарым Алтынгүл – мұғалім, Әсемгүл биыл колледж бітірді. Ең кіші інім маған көмекші. Менің жұмысымның алға басуына бағыт-бағдар берген Әлима Зәйкенқызына ризашылығым шексіз. Қызмет бабымен жүрген адам өз уақытының аздығына қарамастан, менімен бірге жүріп, көп көмектесті. Мемлекет, жергілікті билік осынша қолдау жасап жатқан кезде біз сияқты жастардың қол қусырып, жұмыс таппадым деген сылтау айтуының жөні жоқ деп білемін. Еңбек ең бастысы өзіңнің отбасың үшін керек. Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің қоғамға пайда, – дейді Қуанышбек Байбатыров.
Бақыт СҮЛЕЙМЕНОВ,
журналист.
Уәлиханов ауданы.