Қаһарлы қыстан аман шығып, жер бетін әсемдікке бөлейтін наурыз айын да қарсы алдық. Наурыз мейрамы – түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының ежелден бері тойлап келе жатқан мерекесі. Қыстың қалың көрпесінің астында ұйқыға кеткен жәндік, өсімдік атаулының түлеп, қайта жаңғыра бастайтын дүниенің бір жаңару сәті деуімізге болады.
Халқымыз Наурызды діни мереке деп емес, ұлттық салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. Ақсақалды қарияларымыз бен ақжаулықты әжелеріміз ақ баталарын беріп, ізгі тілектер айтылып жататын бұл мерекеде айтыс, палуандар күресін тамашалап, ұмыт қала бастаған дәстүрді жаңғыртып, ат жарыстырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: “Амалдар ниетке байланысты…”, – деп айтылған. Біздің ниетіміз салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу.
Сонымен қатар ренжіскен жандар болса, кешірім сұрасып, ағайын бас қосады. Асылында, мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Татулық – қайырлы”, – деп татулыққа шақырады. Сондықтан да мұсылман бабаларымыз бұл күні “Байқаусызда біреуге қатты айтқан сөзім болса, қандай да бір жағдайда болсын ала жібін аттап кеткен кезім болса, кешірім сұраймын”, – деп бір-бірінен кешірім сұрасқан.
Мұсылман аузынан шүкірін тастамайды. Алла Тағала “Маған шүкір ет..!” – деп бұйырған болатын. Ендеше, дана халқымыз бұл мерекеде де Аллаға шүкір етуін ұмытқан жоқ. Яғни, қақаған қыстан мал-жан аман шыққанына шүкір етіп, қыстан қалған сүрі мен етінен, азық-түлік көзі болған дәнді дақылынан аққа қосып, көже дайындап, көрші-қолаң бір-біріне дәм татырып, Хаққа шүкір қыла білген. Осы күнге жеткізгеніне Жаратқанға шүкір айта білген. Осынау ізгілік пен мейірім мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа мән берген. “Көрші ақысы – Тәңір хақысы”, – деп білген халқымыз, үй-үйді аралап, ізгі тілектерін білдіріп, жетім-жесірді мейірімге бөлеген.
Мейірімділік – Исламның негізгі ұстанымдарының бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) “Мейірімділік етпегенге – мейірімділік етілмейді. (Алла мейірім етпейді)”, – деген болатын. Сондықтан да бұл күні адамдардың жүзінен мейірім шуағы төгіліп, жетім-жесір, жағдайы төмен отбасыларды да ойлап, оларға азық-түлікпен, қаржылай көмек көрсетіп жатады. Осылайша, бұл мереке көпшіліктің көкейінде ізгілік пен береке мерекесі ретінде сақталған.
Кешірімділік асыл дініміздің көркем сипаттарының бірі болып табылады. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал”, – деп бұйырған. Ендеше, аталарымыз бұл күні кешірімділікті ұстанып, әдет-ғұрпының дінге қайшы келмегенін жаңғыртып, (Яғни, оттан секіру, отқа тәу ету сияқты зәрдүштік әдеттер мен ішімдік ішу сияқты харам істерден аулақ болса, шариғатқа қайшы келмейді) хадисті ғұрпына, сүннетті салтына енгізе білген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет 2014-2018 жылдарды “Дін мен дәстүр жылы” деп жариялады. Сол себепті ұлттық мерекемізде мешіттер тарапынан да біршама істер атқарылуда.
– Халқымыздың ұғымындағы “көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік” сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дарқан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Дәстүріне бекем ұрпақ асыл дініміздегі ізгілікке бастайтын құндылықтарға құрметпен қарайтын болады. Міне, ұлттық мерекеміз әз-Наурыз ұрпақты ұйымшылдыққа ұйытады, үлкен-кішіні сыйлай білуге тәрбиелейді, – деген болатын Бас мүфтиіміз.
“Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл” деген даналық сөз бар. Демек, қай халықтың болмасын ұстанған салт-дәстүрлерінен ұлттың мінез-құлқын аңғаруға болады. Наурыз мерекесінен қазақтың да кеңдігі мен дарқандығы, даналығы мен даралығы, қонақжайлылығы мен жомарттығы байқалып тұрады.
Алла Тағала елімізге мол ырыздық-несібе, береке-бірлік беріп, Тәуелсіздігімізді баянды еткей!
Әбілхан БАЛТАҰЛЫ,
Петропавл қалалық “Нұр” мешітінің бас имамы.