Осы жылғы ақпан айында облыстың Аққайың, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов атындағы, Тайынша және Тимирязев аудандарында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылды. Барлық шаралар “Ашық есік күні” түрінде өтті.
– Аудандарымызда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, кеңес берушілер ТҚО-дан біздің филиалдарымыздың ғимараттарына көшірілгеннен кейін мемлекеттік қолдауға мүдделі шағын бизнес субъектілері санының айтарлықтай өскенін аңғардық. Егер қаңтар айында 63 шағын кәсіпкерлік субъектісі кеңес алған болса, ақпанда олардың саны 147-ге жетті, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының жергілікті үлес бөлімінің басшысы Александр Бердниченко.
Сондай-ақ, ол кәсіпкерлікті қолдау орталығы (КҚО) қызметкерлері үшін палата сарапшыларының “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ, “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ және “ҚазАгроФинанс” АҚ өкілдерімен бірлесіп, мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері бойынша оқыту семинарын өткізгенін атап өтті. Ауыл кәсіпкерлері орталыққа да, көрсетілген қызмет сапасына да көңілдері толатынын айтты. Оған олардың осында жазып қалдырған қолтаңбалары куә.
– КҚО-ын ашу, әсіресе, мен сияқты өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін уақтылы қолға алынған және қажетті шара деп білемін. Бұдан алған ақпаратымның менің кәсіпорным үшін маңызы зор, өйткені бизнесімді кеңейту жоспарым бар. Сол сияқты, КҚО-ның келіп-кету үшін қолайлы жерге орналасқанын атап өткім келеді. Кеңесшілері қандай мәселеде болсын сауатты ақпарат бере алады, – дейді Жамбыл ауданынан келген жеке кәсіпкер Амангелді Елеукин. Тағы да осы ауданның жеке кәсіпкері Дәурен Хамитовтың да пікірі оған үндеседі.
Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның “Новоишим-ЗемПроект” ЖШС-нің директоры Баянды Балтабаевтың айтуынша, “Бір терезе” қағидаты бойынша қызмет алу ауданның кәсіпкерлерді қолдау орталығының зор сұраныстылығы мен қажеттілігін көрсетіп отыр. Ол жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің жаңа бизнес-ойларын жүзеге асыруын, кредиттер алуын жеңілдетеді. Сондай-ақ, КҚО-ның жергілікті кәсіпкерлерге өз істерін дамыту жолындағы кездесетін кедергілерден сүрінбей өтулеріне көмектесеріне сенімді. Ал жас кәсіпкерлер жаңадан өз істерін ашарда кеңесшілердің көмегіне сүйеніп, орталықтың материалдарын пайдалана отырып, білімдерін толықтыра алады. Енді бізге кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды барынша тиімді пайдаланып, өз бизнесімізді дамыту ғана қалды, – дейді ол.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.