«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИНОЛОГ ҚЫЗ

Наталья Калиниченко облыстық Ішкі істер департаментінің кинологиялық қызмет орталығында төрт жылдан бері қызмет етіп келеді. Наталья – ұжымдағы жалғыз қыз. Ол өз жауапкершілігіне алған иттерді қажет кезінде есірткі іздеп табуға үйретеді. 

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Міне, соңғы төрт жыл бойы осы орталықта жұмыс істеп келемін. Юта есімді үш жастағы төрт аяқты досым бар. Менің негізгі жұмысым сонымен байланысты. Яғни, оны дер кезінде есірткі тауып алуға үйретемін. Бұл жерде біздің жұмысымыз кезең-кезеңге бөлінеді. Барлық сабақ ойын түрінде жүргізіледі. Мәселен, иттің өзінің жақсы көріп ойнайтын бір ойыншығы болады. Ол ұзақ уақыт сонымен ойнап, ойыншыққа әбден үйреніп алады. Содан кейін ойыншығының ішіне есірткі сияқты зат саламыз. Айта кету керек, бұл жерде есірткінің өзін қолдануға болмайды. Яғни, есірткі орнына тек қана иістері ұқсайтын, бірақ ешбір зияны жоқ арнайы зат салынады. Содан кейін ойыншықты машинаның ішіне, я болмаса басқа жерге жасырып, итке оны тауып алу туралы бұйрық беріледі. Иттің тапсырманы қалай орындайтынын, оған қанша уақыт кететінін бақылаймыз. Тапсырманы жақсы орындаса, одан кейін бір емес, бірнеше жерге жаңағыдай заттарды жасырып, сабақты барған сайын қиындата түсеміз. Осындай іздестіру-жаттығу сабақ түрлері бір айдан алты айға дейін созылады. Содан кейін иттер арнайы емтиханнан өтіп, жұмыстарын бастап кетеді. Мен Ютаны өзім баптап, күтемін, үйретемін. Осы күнге дейін жұмыста ол тек қана жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Жұмысқа шыққанда берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды, – дейді кинолог маманы.

Натальяның күнделікті жұмыс күні итке тамақ беруден, оны қыдыртудан, жуындырып тазалаудан басталады. Сондай-ақ қандай ауа райы болса да, итпен бірге жаттығу жұмыстарын қайталайды. Жалпы кинолог мамандарының бағып-қағуына екі иттен артық берілмейді. Натальяның қарауында әзірше, Юта деген бір ғана ит бар. Өзінің кәсіби деңгейінің біліктілігін арттыру мақсатында Наталья Алматы қаласындағы кинологиялық орталықта екі айдан астам уақыт оқып, сертификат алған. Осылайша ол иттермен жұмыс жүргізудің қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған. Оның сөзіне сүйенер болсақ, иттермен жұмыс жасау кезінде өте қырағылық пен ұқыптылық қажет екен. Себебі, әр иттің өзіндік мінез-құлқы болатынын кинолог маман тілге тиек етті. Сол себепті де оларға да жан жылуы қажет. Ал ең бастысы – шыдамдылық.  

– Төрт аяқты достар да адамдар сияқты жұмыс істегілері келмей, қулық жасап, еркелеп қалатын кездері де аз емес. Сол себепті олардың өзіндік бабын табу керек. Сондай-ақ ит шаршаған болса немесе тамағын уақытымен бермесе, онымен жұмыс істеу қиынға соғады. Жұмыс уақытында иттің тапсырманы жақсы орындауына көп адамның жиналғаны, көліктің қатты дауысы бөгет болуы мүмкін. Және де ит мысықты жақтырмайды. Біз жұмысқа келген кезде осындай нәрселердің алдын алуға тырысамыз. Бұл жұмысымыздың нәтижелі болуына бағытталған іс-шара. Менің итім иісшіл әрі саққұлақ, өте шапшаң, жұмысқа епті, берілген тапсырманы орындап, есірткі тауып алған кезде жерге төрт аяқтап жатып, тұмсығымен көрсетіп белгі береді. Мен оны бірден түсінемін. Жұмысқа жарамды деген иттер күшік кезінен бастап үйретіліп, осы салада он-он бес жылдай еңбек ете алады. Мен де Ютамен бірге әлі ұзақ уақыт бойы нәтижелі жұмыс істеп, өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарамыз деп үміттенемін, – дейді ол.

Ерлермен қатар еңбек етіп, есірткімен күрес жүргізу мақсатына өзіндік бір сүбелі үлес қосып жүрген жәзік жан жұмыстан бос уақытында сурет салып, кітап оқығанды ұнатады және спортпен айналысады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 25 төрт аяқты полиция көмекшісі бар. Олардың он алтысы облыстық кинологиялық қызмет орталығында, ал қалған тоғызы аудандардағы шағын питомниктерде ұсталады. Неміс, бельгия, шығыс-еуропалық овчаркалар, лабрадор және спаниел тұқымды иттер қылмыскердің ізін иіс арқылы іздеуге, есірткі және жарылғыш заттарды тауып алуға арнайы үйретілген. Қызметтік іздестіру иттерінің денсаулығын қадағалап отыратын ветеринар дәрігерлер де бар. Олар төрт аяқты достардың қатардан шығып қалмауына оң әсерін тигізіп, уақытымен түрлі дәрі-дәрмектерін беріп, екпелерін салып тұрады. Бүгінде Есіл, Қызылжар, Аққайың, Шал ақын аудандарынан басқаларының барлығы кинолог мамандарымен қамтамасыз етілген. Жоғарыда атап өткен аудандарда биылғы көктемнен бастап бұл жұмыс қолға алынады деп жоспарлануда. Ол үшін Алматы қаласындағы орталықтан арнайы адамдар келіп, белгіленген уақыт ішінде дайындықтан өткен болашақ кинолог мамандарынан емтихан алады деп күтілуде. 

Суретті түсірген
Амангелді
БЕКМҰРАТОВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp