«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ҮШІН ТӨЛЕНУІ ТИІС 15 мың теңге кімдерге беріледі?

Жуық арада 37 мыңнан астам өңір тұрғыны коммуналдық төлемдерін өтеуге 15 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болады. Аталмыш көмек түрі кімге және қандай тәртіпте беріледі? Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар орталығы ұйымдастырған брифингте баяндалды.

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режіміне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық төлемдерді өтеу мөлшерін азайту бойынша жүйелі шараларды қолға алу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет түрлерін жеткізушілерге шығындарды өтеу тәртібін белгіледі. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, аталмыш көмек түрі төмендегі топтарға енетін тұлғаларға берілуі шарт:
1) 1, 2 және үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
2) ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектер, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар;
3) Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
4) Көпбалалы отбасылар;
5) Ең аз мөлшерде зейнетақы алатын азаматтар;
6) Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
7) Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен жалғызбасты зейнеткерлер.
15 мың теңге мөлшеріндегі көмекке ие болу үшін өтініш беруші азаматтардың атында абоненттік шот болуы тиіс. Және бұл қаржы екі рет, яғни сәуір және мамыр айлары үшін төленеді. «Өтінімдер call-орталықтар арқылы қабылданады. Әкімдіктерге тұтынушының жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін және есепшоты туралы ақпаратты жолдауы қажет», – деді Әділбек Әубәкіров.
Брифингте журналистердің онлайн тәсілмен жіберген сауалдарына жауап қатқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов жәрдемге ие болатын 37 мыңнан астам тұрғынның ішінде 3 мыңнан астамы атаулы әлеуметтік көмекті алатын азаматтар екенін айтты.

Сурет: https://qazweek.kz/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp