«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Конференциялар кестесі жарияланды

«Nur Otan» партиясы өңірлік филиалдарында өтетін конференциялардың кестесі жарияланды.

  Онда барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден Мәжіліске партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады. Конференция 10 қарашада – Шымкент қаласында, 11 қарашада – Алматы қаласында, 12 қарашада – Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында – 16 қарашаға, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында17 қарашаға белгіленді.

Пандемия жағдайына байланысты партиялық конференциялар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады. Бұл ретте партияның ресми аккаунттарында өңірлік конференциялардың онлайн-көрсетілімі қамтамасыз етіледі.
Конференцияларда шешім қатысушы делегаттардың көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс беру, «Праймериз» ақпараттық жүйесінде өтетін пікірсайыстардың қорытындылары бойынша дауыс беруді қоспағанда, делегаттың қол немесе мандатын көтеруі арқылы анықталады. Конференция барысында қатысушылар арасында пікірсайыс ұйымдастырылады. Бірінші раундта үміткерлер аудан немесе қала мәселелеріне қатысты өздерінің көзқарастарын ұсынады. Екінші раунд – «сұрақ-жауап» форматында пікірталас сессиясы түрінде өтеді.
Партияның орталық аппараты бекіткен филиал конференцияларының әрбір кезеңін регламенттейтін нұсқаулыққа сәйкес, Мәжіліске үміткерлер, республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда, екі рет – аудандық, қалалық және облыстық конференцияларда пікірсайыс өткізеді. Парламент төменгі палатасының қызметтегі депутаттары бірден облыстық, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардағы конференциялардың пікірсайыстарына қатыса алады.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған кандидат Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушы ретінде облыстық конференцияға ұсынылады. Әрбір аудан, қала Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа бір қатысушы, облыс орталығы Мәжілістің партиялық тізіміндегі өңірдің өкілдік квотасына тең санда пікірсайысқа қатысушыларды ұсынады. Облыстық мәслихаттарға партиялық тізімдер тиісті конференцияларда, ал Мәжіліске қорытынды тізім «Nur Otan» съезінде бекітіледі.
    Өңірлік конференцияларда үміткерлер арасында пікірсайыстар праймериздің екінші кезеңі аясында өткізіледі.
Партияішілік іріктеудің бірінші кезеңіне 10 мыңға жуық кандидат қатысты. Олардың 37 пайызы – әйелдер, 29 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30 пайызы ұсынылса, ал 70 пайызы – өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттардың орташа жасы 43-ті құрайды. Дауыс беруге 662 мыңнан аса партия мүшесі қатысты.
Партияішілік праймериз – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен партия жұмысын қайта жандандыруға бағытталған бағдарлама қорытындыларының бірі.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp