Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері Тәуелсіздік күні қарсаңында сәбилі болған аналарды қос қуанышпен құттықтады.
Өмір өзегіне айналып, ұрпақ сабақтастығын жалғап отырған аяулы жандарды ерекше көңілкүйге бөлеген шарада жалпы облыс бойынша 13 шақалақтың ата-анасына сәбилерінің туу туралы куәліктері табыс етілді.
– Мереке қарсаңында осындай акция бірқатар аудандарда ұйымдастырылды. Бүгінгі шараға халыққа қызмет көрсету орталығындағы 8 бөлімнің қызметкерлері қатысты, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы филиалының директоры Руслан Шәмшиев.
Әдетте баланың туу туралы куәлігіне тапсырыс беру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына ата-ананың біреуі барып, тиісті құжаттарды өткізеді. Қызмет түрі 2 жұмыс күні ішінде тегін көрсетіледі. Бұл күні орталық қызметкерлері өтінішті қабылдап қана қоймай, құжаттарды перзентханаға апарып, ата-аналарға салтанатты түрде өздері табыстаған.
Жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталықтарында 6420 туу туралы куәлік берілген.
Дидар ӘБІШЕВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері.