Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы бойынша кезекті брифинг өткізіп, онда мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналинов спикер ретінде әңгіме өрбітті.
– Елбасы Жолдауындағы негізгі басымдықтардың бірі бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту болып табылады. Республиканың мемлекеттік кірістер органы, салық және кеден қызметтері, сондай-ақ, құқық қорғау блогы бір механизмге біріктіріліп, жаңаша жұмыс істеуде. Мемлекеттік органдардың міндеті – төлем мен салық жинау ғана емес, сонымен қатар бизнесті қарапайым және ыңғайлы жүргізу үшін жайлы орта қалыптастыру, – деп бастады сөзін Данияр Жаналинов.
Департамент басшысы 2016 жылдың жұмысын қорытындылай келе, облыстық бюджетке түскен түсімдер оң серпін байқатқанын алға тартты. Былтыр салықтар мен төлемдерден 69 млрд. теңге түсім алынған. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл 2013 жылғы көрсеткіштен 14 млрд. теңгеге немесе 26 пайызға артық. Бюджетке түсетін түсімдердің көбеюінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түседі. Соның бір көрінісі – 2015 жылы облыс қаражатына салынған Петропавл қаласындағы Спорт сарайы. Немесе 2016 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталған 6 млрд. теңге де облыстық қордан бөлінген.
Салық және басқа да төлемдердің уақтылы жүргізіліп тұруы қалыптасқан жүйеге байланысты. Солтүстікқазақстандық департамент облыс бойынша жергілікті бюджет түсімдерінің артуы және уәкілетті органдармен өзара іс-қимылды күшейту үшін кешенді жоспар бекіткен. Соның есебінен былтыр бюджетке 1 млрд. теңге қосымша түсім түскен. 2016 жылы енгізілген Петропавл қаласының интерактивті картасы бойынша үздік салық төлеушілер анықталған. “Үздік салық төлеуші” және “Сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысы” республикалық байқауларында облыстың үш салық төлеушісі, дәлірек айтсақ, “Пушкинское” және “АБИ Экспорт” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “В.И.Пальчик” жеке кәсіпкерлігі конкурстың лауреаттары атанды.
Бюджетке түсетін түсімдерді арттыру үшін қосымша резервтерді іздестіру – департаменттің негізгі жұмыстарының бірі. Осы мақсатта камералдық бақылау орнату, берешекті өндіріп алу, жалған кәсіпорындардың контрагенттерімен жұмыс сияқты тиімді тетіктер қолданылады. Мәселен, камералдық бақылау шеңберінде жүргізілген іс-шаралар бойынша қосымша 1 969,0 млн. теңге өндіріп алынған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 1 449 млн.теңге болатын.
Мемлекеттік кірістер комитеті соңғы екі жыл қатарынан “Чекті талап ет – тосынсый ұтып ал!” акциясын жүргізгені көпшілікке аян. Былтыр оған 27 мыңнан астам тұтынушы қатысқан. “Wipon” ұялы қосымшасы арқылы 1,5 миллионнан астам фискальды чек мемлекеттік кірістер органына жолданған. Сондағы “Chevrolet” маркалы екі автокөліктің бірін петропавлдық Равиль Хайруллин ұтып алған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық деректері бойынша аумақтық органдар арасында тауарларды кедендік тазалау уақыты мониторингі бойынша жұмыс жүргізуде солтүстікқазақстандық департамент алдыңғы орынға ие. Мәселен, тоғыз айдың қорытындысы бойынша тауарларды кедендік тазалау ұзақтығы республика бойынша импорт 2 сағат 32 минутта, экспорт 42 минутта жүзеге асса, солтүстікқазақстандық департамент мамандары оларды 1 сағат 15 минутта және 25 минутта орындайды. Республика бойынша өткен ауылдық және қалалық үздік орталықтар сайысында мемлекеттік кіріс саласының Тимирязев аудандық бөлімі жеңімпаз деп танылды. Облыстық мемлекеттік кірістер органындағы қызметтің 34 түрі автоматтандырылған, бұл 88,4 пайызды құрайды.
Спикер осындай деректерді алға тарта отырып, облыстың мемлекеттік кірістер департаменті өзінің жүйелі қалыптасқан жұмысымен Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға ынтасы мен ахуалы зор екендігін жеткізді.
– Біздің департаменттің жұмысы – әр маманның сапалы қызметі мен жауапкершілігіне байланысты. Қызметкерлеріміздің еңбегін бағалап отырамыз. Былтыр 149 лауазымды тұлға марапатталды. Экономикалық тергеу қызметіне сегіз қызметкеріміз тағайындалды. 2016 жылдың ақпан айынан бастап департаментте экономикалық тергеу қызметі ұстаздарының кеңесі құрылды. Жас мамандарды қызметке қабылдаған кезде тәлімгер оларды іскерлікке баулиды. Әр қызметкерден өзіне артылған сенімді ақтауды талап етеміз, – деді Данияр Жаналинов.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.