Жуырда бір жақсы азамат дүние салып, оны соңғы сапарға шығарып салуға бардық. Күн қақаған аяз еді. Үскірік жел өңменіңнен өтеді. Мәйітті Бескөл ауылының сыртындағы зиратқа әкеліп, жерлеп болғанша табанымыздан ызғар өтіп, дірдектей бастадық. Соны сезсе керек, рәсімді басқарып жүрген молда жиналған жұрт қабірге топырақ салып болған соң тиісті аятын тездетіп оқи жөнелді. Ол аятын оқып бітірісімен, біз – бірге келген төрт-бес азамат – бетімізді сипап, тізе бүккен орнымыздан тұрып, көлігімізге қарай бет алдық. Өйткені, Қызылжар орталық мешітінің басшылары соңғы жылдары кісі жерлеу кезінде зират басында бір-ақ рет аят оқумен шектеліп, жарыса аят оқуды доғаруға күш салып жүргендігінен хабардармыз. Алайда, бізден басқа жұрттың көпшілігі тарқай қоймады. Бақсақ, аят оқу ескі әдетпен жалғасқалы жатыр екен. Аяқастынан тағы үш-төрт “молда” табылып, сақылдаған сары аязда аят оқу “жарысы” қыза жөнелді. Сөйтіп, қала сәнімен аяқтарына қонышы қысқа, табаны жұқа етік киген ер-азаматтар бұл мәселеде “принциптілік” танытқан біздің соңымыздан ілесуге ыңғайсызданып, қалтырап-дірілдеп қала берді. Олардың денсаулығын ойлап, қысқа қайырып жатқан “молдалар” көрінбейді. Бірінен-бірі асырып, мәнерлеп оқуға тырысатын сыңайлы…
Марқұмның бір інісі атқамінер азаматтардың бірі еді. Өзіне көңіл айтып, ағасын жерлеуге жиналған қауымға қаладағы үлкен мейрамханалардың бірінде ас берді. Имамдардың бірі уағыз айтты. О дүниелік болған асыл азамат жайлы тағылымды естелік айтқандар да болды. Соның бәрі де орынды көрінді. Тек дәм қайырылып, жұрт дастарқан басынан тұруға ыңғайланып жатқан сәтте баяғыша пакетке салынған көйлек тарату басталды. Қызылжар орталық мешітінің басшылары тыйым салған, тозығы жеткен дәстүр тағы да шықты алдымыздан кес-кестеп. Бұған өзге емес, жұртқа жөн айтып жүрген басшы азаматтардың бірі жол бергені қатты қынжылтты. Әрине, оның бұл қылығын сол жерде бетіне айту әбестік болар еді. Аузыма келген сөзді айта алмай, тілімді тістеген күйде мен де көйлек салынған пакетті қолыма ұстап, кете бардым.
Сол батадан келген, көршілес елдің сапасы төмен, бағасы арзан көйлегін бүгінде ешкімнің кимейтіні анық. Сондықтан оны біреуге сыйлай да алмайсың. Үйімнің бір бұрышында текке шіритін түрі бар. Көзім түскен сайын: “Қайран, қазағымның желге ұшып жатқан ақшасы-ай!..” – деймін іштей…
Міне, осындай кісі жөнелткенде зират басында жарыса аят оқуды, көйлек үлестіруді қашан, қалай тоқтатамыз? Әлде, жергілікті мешіттер басшыларының айтып жүрген уағыз-насихаттары кем бе? Әлде, ұлы Абайдың:
“Жартасқа бардым, күнде айғай салдым.
Одан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас”,
– дегенінің кері ме?!.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
“Солтүстік Қазақстан”.