“Бейбітшілік пен келісімнің Жол картасы” мегажобасы аясында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері шалғайдағы Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында болды.
Олар “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан басшыларымен, жергілікті мәслихаттардың депутаттарымен, этномәдени бірлестіктер және жұртшылық өкілдерімен кездесті. “Дөңгелек үстел” басында болған әңгімені аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Жәкенқызы жүргізді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов мегажобаның мән-маңызы жайлы айта келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының шешіміне сәйкес жақында облыс әкімдігі жанынан “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылғандығын және оның директорлығына облыс әкімінің өкімімен Дина Әбілмәжінованың тағайындалғанын хабарлап, жиналғандарға жаңа басшыны таныстырды.
Дина Жанұзаққызы “Қоғамдық келісім” мекемесінің мақсаты өңірдегі этномәдени бірлестіктерге әдістемелік және қаржылай көмек көрсету екендігін айтып, алдағы уақытта ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
“Дөңгелек үстелге” қатысушылар өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты одан әрі нығайту жөнінде кеңінен пікір алысты. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Кәрібай Мұсырман:
– Мен облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде кішкенекөлдіктердің өз ауылдарының бұрынғы Қызылту деген атауын қайтарып беруді сұрағандығын білемін. Бірақ, біз ол ұсыныстарыңызды қолдаған жоқпыз. Кішкенекөл көлінің құрғап кеткені рас болғанымен, ата-бабаларымыз аңсаған жаңа заманға сай атау іздеу керек. Уәлиханов ауданы мектептерінің түлектері, әсіресе, кішкенекөлдіктер Ұлттық бірыңғай тестілеуде алдарына жан салмай жүр. Еліміздің көк байрағын көкке желбірететін азаматтар солар болады. Сондықтан осындай ең үздік аудан орталығын ескіше Қызылту деп емес, жаңаша Көк байрақ деп атаған жөн емес пе?! – деген пікірін ортаға салды.
Облыстық ассамблея мүшелерін қабылдаған аудан әкімі Аман Төрегелдин аудан тұрғындарының құрамында қазақтар басым болғандықтан, этномәдени бірлестіктер саны екеу-ақ екендігін, алдағы уақытта мүмкіндікке қарай олардың қатарын көбейтуге күш салатындықтарын білдірді.
Сол күні облыстық ассамблея мүшелері аудандық Мәдениет үйінде болып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер” көркемөнерпаздар байқауына қатысушы уәлихановтық өнерпаздардың концертін тамашалады.
(Өз тілшіміз).
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.