
Облыс орталығының Интернационал көшесінде орналасқан “Өнер колледжі” кешені – маған айрықша ыстық шаңырақ. Себебі, жаңа ғасырдың бастапқы жылдары осы оқу орнының директоры – өңірімізге танылған өнер иесі, облысымызда алғашқы болып үлкен хор капелласын ұйымдастырған марқұм Владимир Кардашовтың өтінішімен осында қазақ ұлт аспаптары бөлімшесінде білім алып жүрген балаларға айтыс пәнінен сабақ берген едім.
Содан бері оның көптеген ұстаздары ежелгі таныстарыма айналып, ыстық ықылас, жарасымды тілеулестік қалыптасқан. Колледж шәкірттері жыл сайын облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық байқауларда жүлде олжалап жүретінін жақсы білетіндіктен және байырғы өнер ордасы атанғандықтан, оның бүгінгі тыныс-тірлігі туралы қалам тербеуді ұйғарған едім.
Ежелгі танысым, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Галина Рыжик қандай оймен келгенімді аңғарған соң қуанғанын қабағымен танытып, жетістіктерін айта бастады.
– Өзіңіз білесіз, біздің колледж 1957 жылы шаңырақ көтерген. Содан бері бұл ұядан он бес мыңнан аса өнер мамандары қанаттанып шықты. Біздің колледжді тамамдағаннан кейін бұлардың көбі Қазақстанның, таяу және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдірді, танымал пианиношылар, әншілер, оркестр жетекшілері, дирижерлер, музыкатанушылар болды, – деді Галина Леонидовна.
Айтса айтқандай, сол түлектердің басым көпшілігі – бүгінде ұстаздық етуде яки оркестрлердің әншілері, орындаушылары, опера әншілері, сазгерлер, режиссерлер, драма театрларының актерлері, суретшілер. Араларында республикалық және халықаралық конкурстардың жүзден аса лауреаттары мен дипломанттары бар.
Сол түлектердің бір шоғыры қазір Қазақстан мен Ресейде құрметті өнер иелері санатында. Атап айтқанда, В. Ткач – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, И. Мкртичева – Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Санкт-Петербург филармониясының әншісі, В. Гришуленко – Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, Новосибирск оперетта театрының әншісі, 2006 жылғы “Алтын келбет” конкурсының бас жүлде иесі, И. Афанасьев – Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.
Осы қатарда бүгін өнер коллдеждінің директоры қызметін атқарып отырған белгілі әнші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Роза Кәшенова барын ұжым ұстаздары мақтаныш етеді.
Бұл өнер оқу орнын “Адам руханиятының бесігі” десе, артық емес. Өнердің он екі түрінің басын қосқан осы шаңыраққа қабілетті балаларын жетектеп ертіп келетін ата-аналардан, кәрі-құртаң ата-әжелерден есігі сенбі-жексенбі күндері де бір босамайтынын өзім үнемі көретінмін. Өйткені, колледждің балдырғандар білім алатын бөлімшесі “Дарынды балалардың мектебі” деп аталады. Ал, екінші бөлімшесінде ересек оқушылар, яғни студенттер оқиды.
Жоғарыда айтқанымдай, колледждің он екі бөлімшесі ең таңдаулы деген, үлкен іріктеуден өткен балаларды өнер әлеміне қанаттандырады.
Бұрындары “Петропавл музыка училищесі” деп аталған бүгінгі “Өнер колледжі” кешенінің ең байырғысының бірі – “Үрлемелі және соқпалы аспаптар” бөлімшесі оқу орны ашылған 1957 жылдан бері жұмыс істеуде. Қазірде оның ғана емес, өңіріміздің әйгілі өнер тарланы Сайдаш Ғайсин 1960 жылдан осында ұстаздық жолын бастағанды. Ол облыстағы тұңғыш симфония оркестрінің тұсауын кескен өнер иесі.
Бәрін тайлы-тұяғымен тізіп шығу мүмкін емес, тек жаңа ғасыр босағадан аттап кіргеннен былай есептегенде, бұл бөлімшенің онға тарта оқушысы республикалық, халықаралық конкурстарда айы оңынан туып, лауреат атанып келеді. Солардың бірі – Төрехан Жаудинов ІІІ “Астана-Мерей” халықаралық конкурсында лауреат болды.
Осы училищенің іргесін қалаған Болат Асанов бүгінде өмірден озса да, ол дәріс берген “Жеке ән салу” бөлімшесінде салып кеткен ізі сайрап жатыр деуге болады. Басқаларды айтпағанның өзінде, бүгіндері өңіріміздегі танымал әншілер Людмила Нечаева мен Әділ Нұрахметов – колледждің жетпісінші-сексенінші жылдардағы түлектері. Осы күндері олардың өздері мұнда жеткіншектерді баулып жүр
“Орыс халық аспаптары”, “Хор дирижерлігі”, “Музыка теориясы”, “Хореография”, “Фортепьяно”, “Ішекті аспаптар”, “Актерлік шеберлік”, “Қазақ халық аспаптары”, “Кескіндеме”, “Эстрадалық музыка өнері” бөлімшелерінде балалар мен жасөспірімдерге осы атауларға сәйкес білім беріледі.
Бұлардың ішіндегі ең жаңаларының бірі – “Қазақ халық аспаптары” бөлімшесі өзінің өмірбаянын 1981 жылы бастады. Алғашқы ұстаздары Серікбай Құсайынов пен Тойкен Күдерова содан былай жас домбырашыларды ұлтымыздың ұлы сазгерлерінің күйлерін орындау шеберлігіне үйретуді қолға алған еді.
Осы орайда Т. Күдерова шаңырағын көтерген “Күдер” ансамблін назардан тыс қалдыра алмайсың. Оқушы-домбырашылар және басқа да ұлт аспаптарында ойнайтын балғын өнерпаздар бас қосқан ансамбль алғашқы концертін 1985 жылы тарту еткенді. Содан бері ол өңіріміздің белгілі шығармашылық өнер тобына айналды.
1999 жылы колледжге Алматы консерваториясының түлегі Назгүл Маштақова келісімен осы бөлімшеде тұңғыш рет қобыз сарыны естілді.
Ал 2006 жылы домбырамен ән салу сыныбы санатқа қосылып, оның сабақтарын әншілер Жанат Айтбаев пен Қайырлы Ғафуров жүргізіп келеді.
Бөлімшеде дәріс алғандардың үздіктері қатарында бүгінде өздері де өзгелерге өнеге көрсететін дәрежеге жеткен Нұрлан Серғазинов, Әсет Әбдірахманов бар. Тойкен Қабиқызының сүйікті ұлы, жас өнерпаз, қыршынынан қиылған Думан Күдеровтің өнері қандай еді! Ол қаршадайынан қара домбыраны құшақтап өсті. Бүкіл жетістіктерінің ішінен 2003 жылы Болгарияда өткен халық аспаптарында ойнаушылардың халықаралық конкурсында Бас жүлдені қанжығаға байлауының өзі ғана ғаламат емес пе?!
Сондай-ақ, Динара Әбілемова, Меруерт Зұлқарнай, Алтынбек Сармұқанов, Жасқайрат Омаров, Данияр Әубәкіров, Алмагүл Іздуәлиева, Бейбіт Есжанов ұстаздарының еңбегін ел-жұрт сүйінген өнерлерімен ақтап жүр.
Қорыта келе айтқанда, “Өнер колледжі” кешенінде бүгінгі таңда аталған он екі мамандық бойынша жүз жиырма ұстаз және концертмейстерлер сабақ береді. Олардың басым көпшілігі жоғары санат иеленген. Он ұстаз – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері болса, сексен оқытушының жұмыс өтілі он бес жылдан асады.
Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде оқытылады.
Осы ән-күй әуелеген өнер ордасының тұсынан күндіз түгіл, түнде өтіп бара жатқан адам бұл бес қабатты үйдің тегін қоныс еместігін түсініп, құлақ түрері айна-қатесіз ақиқат.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: қобызшы Назгүл Маштақова Қадиша Мазаржанға сабақ беруде.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
2014 жылы колледждің жанындағы “Дарынды балалар мектебінің” оқушылары Ресейдің Омбы қаласында өткен Халықаралық “Сибирь жұлдыздары жарқырайды” балалар мен жасөспірімдер конкурсында мынадай жетістіктерге ие болды:
1. Алтынжан Таупықова (қобыз, 1-ші дәрежелі дипломант, ұстазы – Меруерт Адамбекова).
2. Жарқын Ибраев (домбыра, 3-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Шайтас Айтбаева).
3. Жанарыс Шақанов (домбыра, 3-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Қайырлы Ғафуров).
4. Диас Серікбай (домбыра, 3-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Шайтас Айтбаева).
5. Ділнәз Балғабай (домбыра, 3-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Алтын Хамзина).
6. Әлемгүл Нұрланова (қобыз, 2-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Жәмила Мұстафина).
7. Ақерке Маратқызы (қобыз, 3-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Назгүл Маштақова).
8. Янина Воронина (фортепьяно, 2-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Лиана Каспарова).
9. Ангелина Гализина (фортепьяно, 1-ші дәрежелі лауреат, ұстазы – Лиана Каспарова).
10. Сабина Сасықова (скрипка, 2-ші дәрежелі дипломант, ұстазы – Юлия Яворская).
х х х
Омбыдағы конкурста студенттер арасында жеңіске жеткендер:
1. Абай Жұмажанов (домбыра, Гранпри, ұстазы – Шайтас Айтбаева).
2. Жанар Көккөзова (домбыра, 2-ші орын, ұстазы – Шайтас Айтбаева).
3. Скрипкашылар ансамблі ( 2-ші орын, жетекшісі – Артем Кислощей).
4. Игорь Коновец (соқпалы аспаптар, ұстазы – Болат Ұлтарақов).
5. Карина Қасымова (флейта, 2-ші орын, ұстазы – Тамара Парфирьева).
6. Арман Әбрайымов (соқпалы аспаптар, 2-ші дәрежелі дипломант, ұстазы – Болат Ұлтарақов).
7. Карина Нурудинова (флейта, 1-ші дәрежелі дипломант, ұстазы – Тамара Парфирьева).
8. Евгения Тюльпина (флейта, 1-ші дәрежелі дипломант, ұстазы – Тамара Парфирьева).
9. Алтынай Баяшева (орыс домрасы, 3-ші орын, ұстазы – Сергей Зелепухин).