Облыстық бейнелеу өнері мұражайында жапон халық ертегілеріне арналған көрме өтті.
Іс-шараны Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің негізінде құрылған Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығы ұйымдастырды. Бұл орталық Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара түсінушілікті тереңдетіп, байланыстарды нығайту жолында түрлі мәдени жобаларды қолға алуда. Соның бірі – халық ертегілеріне иллюстрация салу. Көрмеге қойылған “Сакура гүлдегенде”, “Қардан жасалған әйел”, “Тышқанның құдалығы”, “Тырна мамықтары” және тағы басқа халық ертегілеріне жасалған иллюстрациялардың авторлары Райхан Жүнісбекова, Эрика Әлімбекова, Қайнар Масуджима және жерлесіміз Марина Редькина. Қылқалам иесі “Йу-Року-Сакура” деп аталған ертегіге салған суреті жайында былай дейді:
– Жапония – ғажайыптар елі. Әсіресе, аңыздары мен ертегілерінде халықтың сан ғасырлық мәдениеті мен дәстүрлері сақталғанын осы ертегіден-ақ байқауға болады. Бұл ертегі арқылы жапондықтардың табиғатты қалай құрметтейтіндігін көруге болады.
Аталмыш орталық 21 ертегіге салған суреттерді ұсынып отыр. Көрмеге келген көрермендер суреттерді тамашалап қана қоймай, ертегілерді қолма-қол оқуға мүмкіндік алды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.