«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІ

Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық ұлық мерекесін атап өтеміз. Қазақстан осы аралықта ғасырға бергісіз даму жолынан өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сындарлы саясатының арқасында Қазақстан жоғары дамыған елу елдің қатарына қосылса, бүгінде үздік отыз мемлекетпен тереземіз теңелетін жағдайға жетуге жақын қалдық.

Бірақ елдің байлығы тек әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен ғана есептелмесі анық. Тарихи жолдан өткен Қазақстан саламатты өмір салтын ұстанатын дені сау азаматтарымен де мақтана алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 30 пайызы спортпен тұрақты айналысатындай жағдай жасалуын міндеттеген болатын. Біздің облысымызда да солтүстікқазақстандықтардың спортпен шұғылдануына айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың бастамашылдығымен спортқа ден қоюға түрткі боларлық игі қадамдар аз емес. Атап айтқанда, Петропавл қаласы мен облыс аудандарында стадиондар мен хоккей қорапшалары, спорттық кешендер, ашық тренажер алаңдары салынып, пайдалануға берілуде. Петропавлдықтардың талай жылғы арманы болған Спорт сарайының ашылуы да соның бір дәлелі.

Өңір спортының жандануына елеулі үлес қосып отырған спорт мекемелерінің бірі – велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі екені сөзсіз.

1998 жылы облыс орталығында ашылған бұл спорт мектебі бүгінгі күнге дейін дарынды велоспортшыларды тәрбиелеумен айналысып келеді. Өскелең ұрпақ өкілдері арасында саламатты өмір салтын насихаттап жүрген велоспорт мектебінде 200-ге тарта тәрбиеленуші жаттығады. Олардың дені – 10-17 жас аралығындағы балғын жастар. Бүгінде 2001-2002 және 1999-2000 жылдары туғандар арасындағы топтан 12 тәрбиеленушіміз облыс құрамасында өңір намысын қорғауда. Жас велоспортшылар үш ай жаз уақытында күніне екі сағат шамасында қала сыртындағы Мамлютка, Архангелка тасжолдарында, Борки кентінде жаттығады. Ал қыс маусымында мектебіміздегі вело және атлетикалық тренажерлерді пайдаланады. Сонымен қатар, өз ауламызда шағын велодромымыз бар.

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы аталып өтетін үстіміздегі жыл ел үшін жағымды жаңалықтарға толы болғаны сөзсіз. Сол қуаныштардың бірі біздің мектебімізде де орын алды. Биылғы жылы бюджеттен бөлінген қаражатқа 33 велотренажер, сондай-ақ, маунтинбайк спортына арналған – 4, тасжолдағы велоспортқа арналған 4 велотренажер мен “Лада Гранта” автокөлігі сатып алынды. Бұл толағай жетістіктерге жетіп жүрген өңір велоспортшыларына жасалып жатқан қолдаудың бірі ғана.

Елбасымыздың сан мәрте айтып жүргеніндей, Тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктерге масаттанып, қол қусырып отыратын кез емес. Өйткені, ел алдында мемлекет қана емес, әрбір азамат атқаруы тиіс ұлы міндеттер күтіп тұр. Біздің мекеменің ұжымы бұл қағиданы басшылыққа алған. Мақсатымыз – шәкірттерді спорт шыңына жетелеу. Яғни, жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыра отырып – Отанын сүйетін, елінің даңқын шығара білетін мықты спортшылар тәрбиелеу. Осы мақсатта тәжірибелі жаттықтырушылар нәтижелі жұмыс жүргізуде. Көпжылдық қызмет өтілі бар жеті білікті маманымыздың үшеуі – Игорь Зельников, Петр Нетесов және Сергей Ишимов – жоғары санаттағы жаттықтырушылар. Велоспорт саласына өмірінің 25 жылын арнаған оларға бірінші санаттағы екі және үшінші санаттағы екі бапкер көмектеседі. Ал ең жас қызметкеріміз – Андрей Щекаловтың мектебімізге жұмысқа орналасқанына он жыл болды. Саналы ғұмырын саламатты өмір салтын насихаттауға арнаған білікті мамандардың арқасында велоспорт мектебінде 20-дан астам Қазақстанның спорт шебері, бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері және бір еңбек сіңірген спорт шебері тәрбиеленді. Ал бүгінде еліміздің әртүрлі жастағы ұлттық құрамаларының сапында 18 солтүстікқазақстандық өнер көрсетуде.

“Әрбір адам – өз бақытының ұстасы” дейді. Біздің тәрбиеленушілеріміз спорт әлемінде толағай жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін мақтанышпен айтамыз. Велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері облыс орталығындағы жоғары спорт шеберлігі мектебі, құрлықаралық “VINO 4-ever SKO”, “Continental Team Astana” және “Astana Pro Team” велокомандаларының сапында сәтті өнер көрсетуде. Елге есімдері танылып жүрген Бахтияр Қожатаев, Руслан Тілеубаев, Вадим Галеев, Артем Захаров, Жандос Бижігітов және Александр Шушемоин – велоспорт мектебінің түлектері. Олар әр елдің үздік велошабандоздары қатысқан бәсекелі сайыстарда біздің мектептің ғана емес, қазақ елінің де намысын қорғап жүр. Бұл турнирлердің жеңімпаз спортшыларына халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы қоса берілді.

Жалпы мектепте оқып жүрген жас спортшылар бірден үлкен нәтижеге қол жеткізбейді. Өйткені, жастайынан қатты салмақ түсірсек, ересектер қатарына келгенде спортшының күші сарқылып қалуы мүмкін. Сондықтан бәрін өз ретімен, жүйелі түрде орындау керек деп ойлаймын. Еңбегіміз жемісін беріп, жас өрендеріміз жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Вадим Вдовинов, Сергей Данникер, Евгений Непомнящий, Олег Земляков, Александр Самусенко, Виктор Окишев, Кирил Вяткин және Вячеслав Малик сияқты шәкірттеріміздің бағындырар биігі мол деп есептеймін. Аталған жас өрендердің әрқайсысы жастығына қарамастан, спорт шебері атағына ие. Бүгінгі таңда олар жасөспірімдердің арасында ұйымдастырылған ел біріншіліктеріне қатысып, жүлдеден құр алақан қалған кездері болған жоқ.

Үстіміздегі жыл спорттық нәтижеге бай болды деуге негіз бар. Өскемен қаласында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында велоспорттан өткен сегізінші ел біріншілігінде біздің құрама жалпыкомандалық екінші орынға ие болса, 60 шақырымдық жекелей сында Никита Кабачек күміс медаль жеңіп алды. Аталмыш сайыстың аясында өткен маунтин-байк сынында біздің тәрбиеленушілеріміз тоғыз жүлденің алтауына қол жеткізіп, жарыс жеңімпазы атанды. Талдықорған қаласында ересектер мен жасөспірімдер арасында маунтинбайктен өткен ел біріншілігінде де жүлдеге ие болдық. Ересектер арасында сынға түскен Александр Семенов күміс медаль алды. Ал Александр Винокуров атындағы республикалық велокөпкүндікте жекелей есепте Никита Кабачек – екінші, Сергей Мальцев үшінші орынға ие болып, жалпыкомандалық екінші орынға жайғастық. Шәкірттеріміздің бұл сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғағаны мен үшін мақтаныш. Александр Самсонов пен Вадим Пролобников есімді тәрбиеленушілеріміз үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өтетін Азия ойындарына дайындық үстінде.

Түлектеріміздің бірі Бахтияр Қожатаев Бразилиядағы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғады. Бүгінде “Астана” кәсіпқой командасымен келісімшартқа отырған Бахтияр соңғы екі жылдың ішінде кәсіби спортшы ретінде қалыптасып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Канадада өткен әлем кубогында қола медаль алса, Доминикан елінде өткен “Vuelta Indepencia Nacional” халықаралық көпкүндік веложарысының жетінші кезеңінде екінші болды. “Вульэта Бургос” жарысының командалық кезеңінде жеңімпаз атанып, “Heydar Aliyev Anniversary Tour” турнирінде үздік үштікке ілінген болатын.

Осы орайда халықаралық және жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған жерлестерімізді атап айтпасқа болмайды. 2012 жылғы Лондондағы жазғы Олимпиадада алтыннан алқа тағынған жерлесіміз Александр Винокуров мерейімізді тасытса, кейін оның ізін басқан Алексей Луценко андерлер арасында әлем жеңімпазы атанды. Жерлестерінің жеткен жетістіктерінен кейін облысымызда велоспортқа қызығушылар саны артқаны анық.

Бүгінде өңірлік велоспорттың өкілдері жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Бірақ та, велосипед спортында жоғары нәтижеге қол жеткізу, спорт саңлақтарын даярлау үшін соған сай жабдықталған арнайы залы болуы керек. Олай болмайынша биік нәтижеге қол жеткізудің өзі қиынға соғатыны белгілі. Жас спортшылар облыс орталығындағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешеніндегі және Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы велобазамызда жаттығады. Бірақ та бұл әлі де жеткіліксіз. Ойымызды өңір басшысына жеткіздік. Нәтижесінде бұл арманымыз орындалғалы отыр. Биылдан бастап облыс орталығындағы Спорт сарайында халықаралық талаптарға толық жауап бере алатын жеңіл атлетика манежі мен вело залында жаттығамыз. Сыртынан қараған адамның көзі қызығатындай ғимаратта жаттығу мүмкіндігін жасаған облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Балалар әмбебап спорт нысанында жаттықса, чемпиондарымыздың саны бүгінгіден де көп болатыны анық. Ондай спорт кешендерінде жаттыққан спортшылар халықаралық жарыстарда тосылып қалмайды. Ендеше, еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғайтын айбынды, ұлтжанды ұландарымыздың қатары толығып, армандар орындалады деп үміттенемін.

Владимир ПАРАХИН,

велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер

спорт мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp