“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты” филиалында “Педагогикалық дуэт” кәсіби шеберлік байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқау инновациялық жаңашылдықпен жұмыс істейтін дарынды педагогтердің тәжірибесін жинақтау және тарату, білім беру ұйымдарында тьюторлықты қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл байқауға қатысу үшін тәлімгер-ұстаздар мен 3 жыл еңбек өтілі бар жас мамандар шақырылды.
Байқауға қатысушы тәлімгер-ұстаз бен жас маман біріккен жұмыс жоспарларын және үздік сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстарын тапсырды. Байқау “Таныстыру”, тәлімгер-ұстаздың “Шеберлік сыныбын” көрсетуі және жас маманның “Педагогикалық жобасын” қорғауы бойынша үш кезеңде өтті.
Петропавл қаласындағы №26 орта мектептің педагогтері 3 дәрежелі диплом иегері атанды. Салтанат Мейрамқызы өзінің мұғалімі, сынып жетекшісі, бүгінгі күні тәлімгері Қалиша Айтмұханованың жолын қуып, ұстаздықты таңдаған. Ол қазіргі уақытта өзі білім алған мектепте ұстаздық етуде. Қос ұстазды бүгінде өзара түсіністік пен кәсіби өсуге ұмтылу, өз жұмысына, оқушыларына деген махаббат, әріптестерімен және балалардың ата-аналарымен тіл табыса білу сияқты мақсат бір арнаға тоғыстырған. Осы байқауға қатысу тәлімгер-ұстаз бен жас маманды кәсіби тұрғыда шыңдай түсті.
Бескөл №2 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімдері Руслан Растенов пен Ринат Сабирьянов 2 дәрежелі дипломды иеленді. “Разные-равные” республикалық байқауының “Үздік мұғалім” аталымының иегері, 12 жылдық білім беру жағдайындағы оқулықтарды сараптау комиссиясының мүшесі Руслан Растенов өзінің әріптесі, жас маман Ринат Сабирьяновқа үлгі бола алды. Бұл жұп шығармашылық әдістерімен, жоғары кәсіби шеберліктерімен ерекшеленді.
Барлық 3 кезеңде де өздерінің кәсіби шеберліктерін және өз білімдері мен біліктіліктерін өзара әрекеттестікте көрсете білген жұп “Дарын” мектеп-лицейінің мұғалімдері Жанна Горбунова мен Елена Песоцкая болды. Олар бірінші орынды жеңіп алды. Қазылар алқасының төрайымы Алма Мырзалинова тәлімгер-ұстаз Ж.Горбунованың өзінің жас әріптесі Е.Песоцкаямен бірлесіп өткізген “IDEAL” стратегиясын қолдану арқылы көркем мәтінмен жұмыс істеуде проблемалық жағдайларды шешу” тақырыбындағы шеберлік сыныбын ерекше атап өтті.
Светлана ШӘУКЕРОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің
біліктіліктерін арттыру институты” филиалының маманы.