«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР ЕЛ ҮМІТІН АҚТАЙДЫ

“Қазақстан – 2050” Стратегиясының негізгі қағидатының бірі кәсіпкерлікті барлық тұрғыдан қолдау болып табылады. Президент бизнесмендер ұлттық экономиканың жетекші күші екендігін атай отыра, бұл мәселе мемлекет үшін ең маңызды бағыттардың бірі болу керектігіне ерекше назар аударды. Біздің облыста кәсіпкерлікті дамытуда оң серпін байқалады. Бүгінде нарықта белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 25 мыңнан астам. Бұл 2013 жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 6 пайызға артық. Шағын және орта бизнес саласында 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 294,7 млрд. теңгенің өнімін шығарды, бұл оның алдындағы жылғы деңгейден 3,5 пайыз жоғары.

Өткен жылы шағын бизнес субъектілері экономиканың барлық салаларында 7447 қосымша жұмыс орнын ашты, соның ішінде жеке кәсіпкерлер 4841 жұмыс орнын құрды. Бұл көрсеткіштердің барлығы біздің өңірде бизнестің тұрақты дамып келе жатқандығын айғақтайды.

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ең қомақты бағдарламаның бірі “Бизнестің Жол картасы – 2020” болып табылады. Аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін 2013 жылы республикалық бюджеттен мемлекеттік шараларға 1,1 млрд. теңге бөлінді.

Өткен жылы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің екі жобасына 5,0 миллион теңге гранттар берілді.

“Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында көрсетілген мемлекеттік қолдау арқасында 2013 жылы кәсіпорындарда 2,8 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 680-нен астам қосымша жұмыс орны құрылды.

“Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасынан басқа “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты аясында ауылдағы кәсіпкерлерді шағын кредиттеу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Шағын кредиттің сомасы 5 жылға 5 пайызбен 3 млн. теңгеге дейін. 2013 жылы жалпы сомасы 600,0 млн. теңге 291 кредит берілді. Облыстың 13 ауданында бағдарлама шеңберінде Кәсіпкерлікті дамыту картасы әзірленді. Онда бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын үйлестіре отыра, нақты аумақтарға арналған қызметтің басым түрлері анықталды. Осы бағдарламаға қатысушыларды шағын кредиттеу өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарымен сәйкес жүзеге асырылатын болады. Үстіміздегі жылы ауылдағы кәсіпкерлерге кредиттер беру үшін бюджеттен 1,0 млрд. теңге бөлінді.

Облыста қолдаудың жаңа бағдарламалары туралы шағын бизнес кәсіпорындарын ақпараттандыру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізіліп тұрады. Бизнестің өзекті тақырыптары бойынша кәсіпкерлерге арналған “Ашық есік күні” өткізіледі. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберіндегі қолдауды алу шарттары мен тәртібі бойынша кітапшалар басылып, таратылады.

Сәуір айында мемлекеттік бөлімдердің, қаржы ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған жұмыс тобы кестеге сәйкес облыстың 13 ауданында болып қайтты. Өткізілген ақпараттық жұмыстардың арқасында бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлік субъектілер санының өскені байқалады. 2010 жылы мемлекеттік қолдауды 19 кәсіпкер алса, 2013 жылы олардың саны 120 адамға жетті.

Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметке арналған талаптарды түбегейлі жақсарту мақсатында Елбасы 2014 жылғы 2 сәуірден 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялады. Ал 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік субъектілерін жоспарлы тексерулер жойылады. Қазақстан Республикасы Үкіметі тексерулерді тәуекелді бағалау негізінде ұйымдастыруға көшіруді, мемлекеттік бақылау және қадағалауды жүзеге асыру кезінде тексеруге жататын талаптарды қысқартуды жүзеге асыруды жоспарлауда. Мораторий кәсіпкерлерге өз ісіне уақыт бөліп, оны дамытумен айналысуға мүмкіндік береді.

Облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қайта құру үдерісін жеңілдету, кәсіпкерлердің Ұлттық палатасының жұмыстарын күшейту, соның ішінде кәсіпкерлердің құқықтары жөнінде уәкілетті институтты енгізу бойынша шаралар қолданылуда. 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін рұқсат қағаздарын беруді автоматтандыруды аяқтау жоспарлануда, бұл кәсіпкерлікті дамытуға әкімшілік кедергілердің әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты экономиканы, әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ, елдің инфрақұрылымдық жобаларын индустриялауды және іске асыруды жалғастыру үшін Ұлттық қордан 1 трлн. теңге көлемінде маңызды қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

Кәсіпкерлер үшін қаржыландырудың өте тиімді шарттары анықталды. Кәсіпкерлерге арналған номиналды сыйақы ставкасы жылдық 6 пайыздан аспайды. Несие беру мерзімі – 10 жылға дейін. Осыған байланысты өңірдің кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау нұсқаулықтарын белсенді түрде пайдалану қажет.

Сауда экономиканың ең маңызды салаларының бірі болып саналады. Облыстың жалпы өңірлік өнімдеріндегі саланың үлесі 16 пайыз шамасында. Облыстың тұтыну нарығы тауарлармен толықтырылғандығы байқалып, дамыған сауда инфрақұрылымы құрылды. 2014 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4500 бөлшек сауда нысандары, 34 сауда базары, 820 қоғамдық тамақтану кәсіпорны жұмыс істейді. 2010 жылдан 2013 жылға дейін бөлшек сауда көлемі 76 млрд. теңгеден 127 млрд. теңгеге дейін артты. Орташа жылдық өсу қарқыны осы жылдарда 181 пайызды құрады. Баға жағдайын бақылау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру үшін өндіруші, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындарының өкілдерін шақыра отыра, облыстық штабтың отырысы өткізіліп тұрады. Негізгі тағамдармен жабдықтаушылармен, сауданы ұйымдастырушылармен ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және бағаларды тұрақтандыру жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Солтүстік өңірлерді дамыту жөніндегі кеңесте Елбасы алға қойған міндеттердің бірі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының туристік әлеуетін дамыту болып табылады. Осыған орай былтыр 16,5 млн. теңге көлеміндегі инвестицияларды тарту арқасында орналастыру нысандарының саны артты: “Солнечный VIP”, “Акбар” демалыс аймақтарында 5 жаңа жазғы үйлер пайдалануға енгізілді. Олардың аумақтарында екіқабатты асхана, жатын корпусы ғимаратының құрылысы жалғастырылуда. Сондай-ақ, сауықтыру кешені, аңшылар мен қонақүйлер пайдалануға берілді.

Туристік нысандарды салу үшін “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы аумағында кәсіпкерлік субъектілеріне 5 жылға жалға беру мерзімімен Шалқар көлінің жағалауынан алаңы 2 гектар, Имантау көлінің жағасынан алаңы 3,0 гектар жер бөлінді.

Биыл Айыртау ауданының аумағында 2 қонақүй, 51,8 млн. теңгеге 48 жазғы үй салу жоспарлануда. Жеке қаражат есебінен ойын-сауық кешенін қайта жабдықтау, спорттық-ойын-сауық және бос уақыт өткізетін орталықтарды салу жоспарлануда. Шал ақын ауданында жеке кәсіпкер Ковалев үстіміздегі жылы Сергеев су сақтау қоймасында демалыс аймағын салуды жоспарлауда, жобаның құны – 160 млн. теңге.

Қазіргі уақытта облыста туристік саланы дамыту жөніндегі облыстың Мастер-жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін терең, жан-жақты зерттеу негізінде әзірленген, тиімді туристік кластерді қалыптастыру жөніндегі келешектегі және ағымдағы тапсырмаларды ғылыми негізде нақты шешудің жолдарын айқындайтын кешенді бағдарламалық құжат. Бұған Солтүстік Қазақстан облысының туристік брэндін әзірлеу; жарнамалық-имидждік қызметтердің негізгі бағыттарын пысықтау; өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейлерде облыстың туристік өнімдерін жылжыту стратегиясын, туристік бағыттарды, жаңа турөнімдерді дайындау және қолда бар турларды дамытуды ұсыну кіреді.

Елдің күш-қуатын одан әрі нығайту, бәсекеге қабілетті ұлттардың қатарына ену үшін алда әлі көп істер атқару міндеті тұр. Елбасы қазақстандық кәсіпкерлерге үлкен үміт артып отыр. Сондықтан, мен біздің облыстың кәсіпкерлері бизнес-бастамаларды іске асыруға өз үлестерін қосып, осы стратегияны іске асыру үшін барлық күштерін салатындығына сенімдімін.

Алмас ХАСЕНОВ,

 облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp