Кеше облыс кәсіподақтары активінің жиналысы өтіп, онда Қазақстан халқы Ассамблеясының үстіміздегі жылы Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасы талқыланды.
Жиналыста облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Жамал Ахметова күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына тоқталып өтті. Облыстық агроөнеркәсіптік кешен және телекоммуникация ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтарының төрағалары Альфред Мамлютов пен Маргарита Сальникова, “Солтүстік Қазақстан электр тарату желісі компаниясы” АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Наталья Гриднева өз ойларын ортаға салды. Жиналысқа қатысушылар осы қоғамдық бірлестіктің Үндеуін қабылдады.
“Солтүстік Қазақстан облысының кәсіптік одақтары Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын үстіміздегі жылы өткізу жөніндегі ұсынысты қолдайтындығын білдіреді. Президент сайлауын үстіміздегі жылы өткізу ауқымды мақсаттарға жету жолында қоғамды ынтымаққа шақыра алады деп сенеміз. Бүгінгі күнде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың басты көрсеткішін, сонымен қатар еліміздің бірлігі мен гүлденуінің қорғаны татулық екенін көрсетіп отыр. Осыған орай биыл Президент сайлауын өткізу ұсынысын солтүстікқазақстандық кәсіподақтар белсенділері қолдайды. Біз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру идеясын орындау мақсатында барлық қазақстандықтарды, үкіметтік емес ұйымдарды Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдауға шақырамыз”, – делінген жергілікті кәсіподақ қозғалысы белсенділерінің Үндеуінде.
(Өз тілшіміз).