Елімізде коронавирусқа байланысты барлық жарыстар уақытша тоқтатылып, турнирлер кейінге шегерілді. Дегенмен, спортшылар қауіпті індет кезінде де жаттығуларын тоқтатқан емес. Өңір тұрғындары кәсіпқойлармен бірге жаттығу жасауы үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жергілікті “Qyzyljar” телеарнасымен бірігіп, “Шексіз спорт” онлайн жобасын қолға алды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Марат Шынтеміровтің айтуынша, бұл бастамаға өңір спортшылары қуана қолдау білдіруде.
– Карантин кімге болмасын оңай тиіп отырған жоқ. Ал қашанда жаттығу жасап, оқу-жаттығу жиындарында жүретін спортшылардың кейбіреуі үйлерінде мүмкіндігінше шынығуда. Жобаның мақсаты – танымал спортшылардың көмегімен солтүстікқазақстандықтарды саламатты өмір салтына тарту. Тың жоба карантин біткеннен кейін де өз жалғасын табады, – деді Марат Шынтеміров.
Басқарма мамандары болашақ жобаның бағдарламасы мен ережесін жасады. Әр жаттығу 5-10 минуттан тұрады. Бүгінге дейін өңірімізге танымал спортшылар Данияр Кәленов, Мұхит Тұрсынов, Руслан Заякин, Ильдар Аитов, Назгүл Маратова, Матвей Никитин, Кристина Ищенко және Инесса Шумекова облыстық телеарнаның эфиріне шығып, шеберлік сағаттарын өткізді. Сондай-ақ, Айыртау мен Қызылжар аудандарының белсенді спортшылары да әлеуметтік желіде өз жаттығуларының бейнежазбаларымен бөлісуде.