Ескі тұрғын үйлер, әр тұстан анда-санда бір естілген құрылысшылардың құрал-саймандарының тықылы, жұмыстан кейін саябақ арқылы үйлеріне асыққан ақмолалықтар… 1998 жылы Қызылжар өңірінен Ақмола қаласына көшіп келген сәттегі осы көрініс бірнеше жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп сала берді.
Жамбыл ауданындағы “Киров” кеңшарында, кейін осы ауданның Архангелка елді мекенінде тұрып, ауылды жердің тыныштығына үйреніп қалған отбасыма бастапқы уақытта мұндағы қым-қуыт тірлікке сіңісіп кетудің оңай болмағаны рас. Ақмолаға көшіп келген жылы қаланы көркейту бойынша жұмыс енді басталып жатты. Ал елорда ресми түрде Астанаға көшірілген соң қала тіршілігіне Елбасының өзі араласып, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді. Сол уақыттан бастап астаналықтардың жол, суға қатысты проблемалары бірте-бірте шешіле бастады. Шағын кәсіпорындардың бойына қан жүгіріп, мейрамханалық бизнестерге, шағын сауда-саттық кәсіпке жан кірді. Құрылыс басталғаннан кейін құрылыс кәсіпорындары пайда болды. Біз де көптің бірі болып жаңа өмірдің ағысына қосылып кеттік.
Әрине, 1998 жылдардағы жағдайды қазіргі кезбен салыстыруға келмейді. Бүгінде, Құдайға шүкір, Астана еуропалық қалалардың деңгейіне жетті. Олардан еш кем емес. Қай жағынан болсын, инфрақұрылымы, сәулетті ғимараттары, күн сәулесімен шағылысқан субұрқақтары, абаттандырылған көшелері, жолы, жарығы – барлығы Еуропаның стандартына сәйкестендіріліп жасалған.
“Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады” демекші, күні кеше еліміздің көп қалаларының қатарында ғана болған Ақмола осылайша Астана атанып, мәртебесі биіктегелі қазаққа және жүзден астам этнос өкілдеріне құтты мекен, бірлігімізді бекіте түсер орталыққа айналды. Бүгінде Еуразия кеңістігінде өзіндік орны бар, өркениетті мемлекеттердің астаналарымен бәсекелесе алатындай дәрежедегі елордамыз Астана достық пен татулықтың ұясы десек, артық айтқандық емес.
Біздің де елорданы мекен еткенімізге 20 жылдың жүзі болған екен. Балаларымыз осында өсіп-өнді. Бүгінде әрқайсысы бөлек отау құрып, қызмет атқаруда. Оларды жеткізу үшін жарым Сәлима екеуміз зейнет демалысына шыққан уақытқа дейін әр салада еңбек еттік. Бүгінде екеуміз немере-жиендеріміздің қызығын көріп отырған жайымыз бар. Бос уақытта немерелерімізбен бірге қаланы аралап, серуендейміз. Аспанмен таласқан құрылыстар мен көздің жауын алатын зәулім ғимараттарды тамашалаймыз. Балаларға арналған ойын-сауық отауларына да бас сұқпай кетпейміз. Келесі серуенде жаңадан ашылған нысандарға бағыт аламыз. Астананы аралауға уақыттың әр кез бола бермейтіні рас. Ұл-қыздарым жұмыста, немерелерімнің де мектеп пен балабақшадан қолдары босай бермейді. Қызу тірлік, үздіксіз қозғалыс…
Елорданың көрікті жерлерін аралаудың қолайлы сәті Қызылжардан туған-туыстарымыз келгенде туады. Оларға: “Астананы осында тұратын біздер емес, анда-санда ат басын тірейтін сіздер жиі аралайсыздар. Қаламызда қандай өзгерістер бар екен?” – деп әзілдейміз. Өзіміз де ретін тауып, отбасымызбен туған ауылымыз, кіндік қаны тамған жерімізге барып, туған-туыстарымызды аралап, мауқымызды басып қайтамыз.
Астананың әрбір жетістігі үшін біз қашан да қуанамыз. Меніңше, Еуразия жүрегіндегі Отанымыздың ордасы – Астанада тұратын әрбір азамат, ең алдымен, Қазақ елінің мүддесі үшін қызмет етуі керек. Отанымызды қолдау, қорғау, құрметтеу біздің ең үлкен мақсатымыз болуы тиіс. Мемлекетіміздің бай, болашағының жарқын болғаны әрқайсымыз үшін маңызды емес пе?!
Садық ЖҰМАҒҰЛОВ,
Астана қаласының тұрғыны.