«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЕК АНАЛАР

Бір кездері жесірін жылатпайтын, жетімін қаңғыртпайтын ел едік. Алайда, бүгінде халқымыз мұндай қасиетінен айырылып бара жатқан сыңайлы. Соңғы уақытта перзентханада емес, әжетханада туылатын, киелі бесіктен емес, қоқыс жәшігінен табылатын нәрестелердің қатары көбейді. Арамызда айдың-күннің аманында отбасынан безіп, перзенттерін тастап кететін көпбалалы аналардың бары да көңілге кірбің ұялатпай қоймайды.

Жуырда әлеуметтік желілер арқылы қазақ келіншегінің бір түннің ішінде алты баласын тастап, бір ер-азаматтың артынан кете барғанын білгенде, төбе шашымыз тік тұрды. Қоғам белсенділері көпбалалы ананың бұл ерсі қылығын қатты сынға алып, іле оның шаңырағына қайта оралуын талап еткенімен, бұдан түк нәтиже шыққан жоқ. Өйткені, ауыл тұрғыны оқиға орын алған соң бірер күннің ішінде өзге үйдің босағасын аттап, екінші мәрте тұрмыс құрған.
Қоғамда ана деген киелі ұғымға кір келтіріп жүрген қаракөз апа-сіңлілеріміздің мұндай қылыққа баруына не себеп? Жанға бататыны – ананың өз нәрестелеріне деген немқұрайдылығы. Психологтардың айтуынша, нәзік жандардың мұндай қадамға баруына негізінен отбасындағы зорлық-зомбылық, тұрмыстық жағдайдың төмендігі, жоқшылық пен отағасыларының ішімдікке салынуы себеп. Алысқа бармай-ақ қояйық, өз өңірімізде де осындай жайттардың кесірінен бала-шағасын тастап кетіп жатқан аналар қатары артуда. Облыстық соттың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, соңғы уақыттың өзінде жиырмадан астам ерлі-зайыпты ата-ана құқығынан айырылған. Солардың қатарында облыс орталығында тұратын Марат пен Нәйла Мұхамеджановтар (аты-жөні өзгертілген) да бар. Ерлі-зайыпты отбасын құрған кезде өзгелер сияқты бақытты отбасы, көпбалалы ата-ана болуды армандапты. Алайда, жұмыссыздықтың және тұрмыстың төмендігінен отағасы ішімдікке салынып, отбасының шырқын бұза бастаған. Аздаған қиындыққа төзе алмаған үш баланың анасы Нәйла да көше кезіп кеткен. Бүгінде 7 және 5 жасар ұл-қызы соттың шешімімен ауыр өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәрбиеленуде. Ал анасы дұрыс қарамай, кейде ұрып-соғуынан денсаулығына зақым келген үйдің кенжесі Петропавл қаласындағы балалар үйіне тапсырылған. Қорғаншылық органдарының мамандары бірнеше рет безбүйрек ананы тәртіпке шақыруға тырысқанымен, бұдан түк шықпаған. Өйткені, көше кезген Нәйла Мұхамеджанова перзенттерін іздемек түгіл, үйінен кеткелі бері шаңырағына қайтып мүлде бас сұқпаған.
Елімізде безбүйрек аналар қатарының жыл өткен сайын арта түскендігін мына дерек те айғақтай түседі: 1999 жылдан бері ата-анасыз өскен қазақстандықтар саны 80 мыңнан асып жығылған. Көңілге қаяу түсірсе де, шындық осы. Осының кесірінен 2000 жылдан бері 8 мың қазақстандық бала шетел асып, өзгенің сәбиі атанған. Ресми деректерге жүгінсек, өз елінде бақытты бола алмаған бүлдіршіндердің 49 пайызы өзіміздің қаракөздер.
Психолог Ғалия Баязитованың пікірінше, бұл жайтқа азаматтық неке себеп болуда. “Мұндай отбасыларда ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі төмен. Өзара қарым-қатынастағы міндеттерін толық сезінбеген жұбайлардың көбі шаңырақта түрлі келеңсіздіктерге жол беріп, ақыр аяғында ортадағы бала зардап шегеді. Дағдарыс орталықтары одағының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын азаматтық некеге тұрып, алданып қалған ондаған әйел көмек сұрап келеді екен. Бүгінгі таңда кәмелетке толмаған балалардың 22 пайызы некесіз туған деген де дерек бар”, – дейді маман.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылова тастанды балалар мен безбүйрек аналардың көбеюіне тәрбиенің жоқтығы басты себеп деген пікірде. “Қай кезде де ақ жаулықты аналарымыз “баламның табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін” деп сәбиі үшін қам жемеді емес пе? Олар ашаршылықты да, соғысты да, жоқшылықты да көрді. Бірақ бірде-бірі өз баласынан бас тартқан жоқ. Қазіргі жағдай мүлде өзгеше. Отбасындағы тәрбиенің осалдығынан қыздарымыз ар-ұятты ұмытып, тасжүрек болып барады. Түрлі қиындықтарға шыдай алмай, баласын тастап кетуде. Ал осындай қатыгездікті көріп өскен буынның ертең үлгілі ұрпақ боларына күмәнім бар. Сондықтан бұл мәселеге қоғам барынша көңіл бөліп, тәлім-тәрбие мәселесіне көбірек мән беруіміз қажет деп ойлаймын. Бұл орайда біз білім мекемелерінің ата-аналармен байланысын күшейтіп, отбасындағы қарым-қатынастың беріктігін сақтауға күш жұмылдыруымыз керек”, – дейді Күлімкөз Қайырбайқызы.
Өкінішке қарай, жетімін жат жұртқа жаутаңдатпаған халқымыздың бүгінгі ұрпағы осындай келеңсіздікке куә болып отыр. Қалай дегенмен де, ұрпағынан безінген ата-аналар қоғам қасіреті екені анық. Бауыр еті балаларынан бас тартқандар заң алдында жауап бергенімен, өз перзенттерінің алдындағы кінәсін ешбір жазамен өтей алмайтындығын ұмытпаса екен.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp