Петропавлда тұрғындардың көктайғақта құлап мертігу жағдайы жиіледі. Тек бір аптаның ішінде №3 қалалық ауруханаға әртүрлі жарақатпен 500-ге жуық адам келсе, оның 150-і бала.
Қазір коммуналдық сала мамандары қар шығарумен, механикаландырылған тазарту жұмыстарымен және көктайғаққа қарсы материал төсеумен айналысуда. Бүгінде “СУ-808”, “Норд Жолдары”, “Коммунстройсервис”, “Коммунхоз-Петропавловск” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде 3,5 мың текше метр тұзды топырақ дайындалған. Осы уақыт аралығында көктайғақпен күресу үшін 650 текше метр жолға топырақ шашылды.